«Эйр Астананы» сотқа берген бұрынғы қызметкерінің құқығы қорғалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы «Эйр Астана» АҚ үстінен түсірген Е.Кимның талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет айтты.

Нақтырақ айтқанда, Е.Ким сотқа бұзылған құқығын қалпына келтіру және амалсыз жұмыссыз болған күндеріне ақы өндіру туралы талап арызбен жүгінген.

Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының 2014 жылы 20 қазандағы шешімімен шағымданушының талабы ішінара қанағаттандырылды.

Сот шешімімен «Эйр Астана» АҚ-на Е.Кимнің еңбек кітапшасындағы бұйрық пен № 9 жазбаны ҚР Еңбек заңнамасына сәйкестендіру міндеттелген. «Эйр Астана» АҚ сот шешімімен келіспейтіндігін айтып, апелляциялық шағымында оны бұзуды көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасы сот мәжілісінде тараптардың уәждерін бекітетін дәлелдерді зерделей келе, шағым келтірілген сот актісін өз күшінде қалдыру туралы қаулы шығарды. Бұған істегі анықталған деректер негіз болған. Яғни, 2011 жылғы 30 қыркүйектегі еңбек шартына сай, Е.Ким «Эйр Астана» АҚ-ның Астана қаласына әуе кемесінде қызмет көрсету Департаментінің жолсерік лауазымына қабылданған. Басқа қалаға көшуіне байланысты қызметкер 2014 жылғы 13 маусымда өз еркімен жұмыстан босату жөнінде өтініш түскен.

Аталған өтініштің түскеніне қарамастан, Е.Ким жұмыста себепсіз болмаған деп жауапкер жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу туралы 2014 жылғы 2 шілдеде бұйрық шығарған. Бұл ретте, 2013 жылғы 20 желтоқсандағы еңбек шартының қосымша келісіміне сілтеме жасалған. Қосымша келісімге сәйкес, қызметкер жұмыс берушіні үш ай бұрын жазбаша ескерте отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы. Апелляциялық сот алқасы Түрксіб аудандық сотының қызметкер еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзған жағдайда жұмыс берушіге ескерту мерзімінің бір айдан үш айға ұлғаюы еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлатады деген тұжырымымен келісті. Мұндай жағдайда, сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді болғандықтан өз күшінде қалдырды.

Айта кетейік, сот шешімі заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар