20:15, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
ЭЫҰ-ның 11-ші саммиті 2010 жылы Пәкістанда өтеді
ТЕГРАН. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының 11-ші саммиті 2010 жылы Пәкістанда өтетін болды. Бұл туралы бүгін осы ұйымның Тегранда өткен 10-шы саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Иран Президенті Махмуд Ахмадинежад мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Пәкістан Президенті, жоғары мәртебелі Асиф Әли Зардари мырза ұйымның 11-ші саммитін келесі жылы Пәкістанда өткізуге ниет білдірді. Бұл үшін мен үлкен алғыс айтқым келеді», деді баспасөз мәслихатында Иран Президенті. Сонымен қатар Махмуд Ахмадинежад бүгінгі саммит барысында экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы болып Ауғанстан өкілі Яхия Мааруфи сайланғанын атап өтті. Оның айтуынша, саммитте тараптар қазіргі әлемдік дағдарысты еңсеру жолдарын талқылап, экономика, қаржы, сауда-саттық, энергетика, көлік салаларындағы өзара қарым-қатынастарды кеңейтіп, ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған. Бұдан бөлек саммит қорытындысы бойынша Тегран декларациясы қабылданды.