ЕЖЕЛГІ ҚАЛАЛАР ТАРИХЫ: Сан қырлы Сарайшық

Бір замандарда гүлденген қаланың қақ ортасындағы биік дуалмен қоршалған хан сарайы Қызыл алаңдағы Кремльді елестетеді. «... Иван Калита (Қалталы Иван) Мәскеу Кремлінің құрылысын Сарай-Бату қаласының жобасы бойынша жүргізді. Кейін Иван Грозныйдың заманында орыс княздары Алтын Орданың екі қаласын - Сарай Бату мен Сарай-Беркені ұрпақтары ешқашан есіне түсіре алмайтындай етіп жер бетінен жойып жіберуге шешім қабылдады» деген тарихи мұрағаттық құжаттар бар. 1395 жылы Ақсақ Темір шауып алып, күйреткен Сарайшықты Үлкен Ноғай Ордасының орталығы (1490 жылдан бастап) болып тұрған кезінде Иван Грозныйдың бұйрығы бойынша, Жайық бойына кемемен келген казактар 1580 жылы тас-талқан етіп қиратып, түк қалдырмай өртеп жібергені тарихтан белгілі. Кезінде негізін Бату хан қалаған, кейіннен 1457-1458 жылдары Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібектің ұлы Қасым хан 1513 жылы қазақ мемлекетінің астанасы деп жариялаған қала тұрғындарының саны сол заманда жүз мыңға жеткен екен. Орта ғасырдағы тарихшы Әбілғазы Баһадүр ханның дерегі бойынша, Сарайшықта әз Жәнібек хан таққа отырып, 17 жыл хандық құрған, сүйегі осында қойылған. Одан кейін оның баласы Бердібек хан Сарайшыққа келіп, хан сайланған. 1395 жылы Ақсақ Темір күйретіп кеткен Сарайшық қаласы XV ғасырдың бірінші жартысында қайта қалпына келтіріліп, Жәнібек хан мен Бұрындық хан тұсында-ақ Қазақ мемлекетінің астанасы болған деген дерек бар. Қадырғали би өз еңбегінде Қасым ханның Сарайшықта дүние салғанын, қабірі Сарайшықта жатқанын жазып қалдырған. ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген ақын Шынияз Шанайұлының қалдырған дерегі бойынша, Сарайшықта Сартақ, Берке, Тоқтақия, әз Жәнібек, Қасым хандар және ноғай хандары Ысмайыл мен Ораз жерленген. Бүгінде көне қала орнында осы жеті ханға құлпытас қойылған. Жалпы, Алтын Орданың астаналары дегенде тарихта үш қаланың орны ерекше аталады. 1.Сарай-Бату немесе Сарай-әл-Махрус (қазіргі Астрахан облысындағы Харабалинск ауданы Селитренное селосы). 2. Сарай-Берке (Сарай Әл-Жәдид немесе Жаңа Сарай) (қазір Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селосы). Қаланы 1262 жылы Берке хан салған. 1282 жылдан Алтын Орданың астанасы. 1396 жылы Ақсақ Темір қиратқан. 3. Сарайшық (Сары Айшық немесе Кіші Сарай) (қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданында). Сарайшықты Бату хан салдырған. Ибн Батута деген араб саяхатшысы, әрі географ-зерттеушісі «Дешті Қыпшақ даласына саяхат» деген естелік жазбаларында өзінің 1334 жылы Сарайшыққа келгенін былай баяндайды: «Біз Үлкен Сарай қаласынан атқа жегілген арбамен он күн жүріп, Кіші Сарай қаласына келіп жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын терең, әрі ағысы қатты өзеннің бойына салынған қала екен... Сарайшық - әлемдегі Бағдаттан кейінгі екінші үлкен қала. Орталығында хан сарайы тұр, оның ішінде 4 мешіт пен көптеген керуен сарайлары бар, оның биіктігі - 11 метр, қалыңдығы 4 метрге тең. Бір кереметі - қаланың әрбір үйіне су құбыр арқылы барып тұр...». Зерттеуші айтқан сол замандағы керамикалық тұрбалар осы уақытқа дейін сақталған. Әрине, Сарайшықты Бағдатпен салыстырғанда, тарихшы қос қаланың алып жатқан аумағын емес, байлығы мен сән-салтанатын салыстырғаны анық. Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Сарайшықтағы көпір Бағдаттағы көпірдің көшірмесі секілді дейді. Ал 1558-1559 жылдары саяхатпен Сарайшыққа келген ағылшын саудагері Антони Дженкинсон өз жазбаларында: «Теңізден бір күншілік қашықтықта үлкен, терең өзеннің жағасына салынған гүлденген, күмбездері көп Сарайшық қаласы бар екен. Бұл қаланы орыс патшасы Иванмен достық байланыстағы татар кінәзі Измайыл мырза билейді екен...» дейді. Сарайшықтың Бату хан билеген дәуірі тарихта белгісіз. Қала аты Бату ханның ұрпағы, ислам дінін Шыңғыс ұрпақтары арасында бірінші боп қабылдаған Берке (Береке) ханмен (1255 жылы өлген) байланысты айтылады. Белгілі археологтар Толстов пен Пацевич Сарайшықты Хорезм тұтқындарының көмегімен сауда жолының бойында Х-ХІ ғасырларда салынған Сааксин қаласының орнында бой көтерген деп санайды. Ал Сарайшық атының шығу тегін зерттеушілердің кейбіріне жүгінсек, негізгі атауы әу баста Сарай-Жук (моңғолша «жук» сөзі «жуық» дегенді білдіреді) болған. Осыған ден қойсақ, Шыңғыс ханның негізгі ордасы Үлкен Сарай елінде қалып, Жайық бойында оған жуық, яғни таяу тұрғызған ордасын Сарай-Жук атаған тәрізді. Тағы бір дерек бойынша, Сарайшық (Кіші Сарай) аты Берке ханның Еділ бойында 1254 жылы негізін қалаған «Сарай Бату» (Көне Сарай), 1262 жылы негізі қаланған «Сарай Берке» (Жаңа Сарай) қалаларынан кейін бой көтерген қалашыққа берілген секілді. Сондай-ақ Сарайшық моңғол дәуіріне дейінгі Дешті Қыпшақтың батыстағы астанасы (Шығыстағы астанасы Сығанақ болған) болғандай. Кейбіреулер Сарайшық атын орысша Сарайчик (Кіші Сарай) дегеннен шығарады. Алтын Орданың ХІV ғасырда ханы болған әз Жәнібектің жалғыз қызының аты Сара болған екен, хан қызына қырындағандар үй сыртынан: «Сара шық!» деп дауыстайды екен, қаланың аты содан шығыпты деп те айтылады... Ал негізінде, исламның белгісі жарты айды бейнелейтін мешіттің алтын айшықты алып мұнараларына байланысты Сары Айшық дегеннен шықса керек. 1950 жылдары Сарайшықта қазба жұмыстарын жүргізген қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан қаланың қалыптасу кезеңін ХІІ ғасырға телісе, көне шаһар орнына 1996 жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан экспедиция жетекшісі, белгілі археолог, профессор Зейнолла Самашов та осындай тоқтамға келіп отыр. Сарайшықтан көненің көзі жәдігерлер көптеп табылуда. Мәселен, 2001 жылы қазба жұмыстары кезінде археологтар ерекше кесе тауып алды. Әлемде бұндай кесе екі дана ғана екен, біреуі - Египетте, екіншісі - Қазақстанда. Кесенің қасиеті неде десек, ол мынада: ішіне уланған тағам құйылғанда ол түсін өзгертеді екен. Осыған қарағанда, бұл хандар ас ішкен кесе болса керек. Сарайшыққа алыс емес жерден З.Самашовтың жетекшілігімен «Екінші Алтын адам» аталған сармат сарбазының мүрдесі табылуы бөлек әңгіме. Сарайшыққа байланысты бір аңыз-деректі де келтірелік. Сарайшықта 1341-1359 жылдары хандық құрған әз Жәнібек ханның маңдайына басқан жалғыз қызы болыпты. Сүйікті қызы үшін сарай алдына қолдан көл жасап, жасанды көлдің суы екі аптада бір ауыстырылып тұрған. Ақ-қулардың көлді жайлауы үшін көлге 40 атанмен шекер төгілген көрінеді. Сол себепті кейде көлді «Тәтті көл» деп атайтын болған. Ханшайым он бесте болғанда, кенеттен қайтыс болып, хан қызын алтын табытқа салып, алтын қайығымен қосып жасырын жерлеген. 1929 жылы Лондоннан саяхатшылар келіп, Сарайшықтан әлдебір қайық тауып алыпты. Бірақ ол шегелері ғана алтын, Жәнібектің өзіне жасалған қайық екен. Сарайшықты бертінде Бөкей хан жайлаған деген дерек бар. 1885-1890 жылдары Сарайшықта екі мектеп болыпты. Оның бірі - «Церковно-Приходская школа» деп аталатын діни оқу орны болса, екіншісі - қазіргі Сарайшық орта мектебінің бастапқы негізі болған мектеп. 1999 жылы көне қала орнына өткен тарихтың даңқты символы ретінде «Хан ордалы - Сарайшық» атты мемориалды кешен тұрғызылды. 6552 шаршы метр жерді алып жатқан кешенде биіктігі 14,5 метрлік «Хандар пантеоны» да орналасқан. Атырау облысының Махамбет ауданында орналасқан осы «Сарайшық» кешені алғашқы қонақтарын қарсы алуға дайындалып жатқан 1999 жылы қалашықта 12 адам асылып қалады. Ақсақалдар мұның себебін сол 90-шы жылдардың басында осындағы адамдардың қолымен құртылған сексен гектар жердегі алма бақтарының қиесінен көріп, мемориалдық кешеннің қақ ортасына аман қалған алма ағаштарының бірін жоғалғанның символы ретінде отырғызуды ұсынады. Ол «Әулиеағаш» атанып кетеді. Бұдан кейін асылып өлу оқиғалары сап тыйылған. Содан бастап, келушілер әулиеағаштың бұтақтарына ырым етіп ақ шүберек байлайтын болған. Қорытынды 2005 жылы Қазан қаласының 1000 жылдығын тойлаған татарлар сол кезде Қазан Кремлін мемлекеттік тарихи мұражай-қорық есебінде қалпына келтіргені белгілі. Қазан Кремлі ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізбегіне ендірілген. Қазан Кремлінде Татарстан Президентінің резиденциясы мен әкімшілік орталықтар орналасқан. Мәскеу Кремлі осы Қазаннан көшірілген (Казанские соборы) деп те айтылады. Дегенмен, тарихи жазбалар Кремльдің Қалталы Иван тұсында Сарай-Батудан көшірілгенін айғақтайды. Кезінде Бағдаттан кейінгі әлемдегі бай қала атанған Сарайшықтың да өз Кремлі болғаны анық. Ал Мәскеудегі Қызыл алаң осы Сарайшықтан көшірілгені күмән туғызбайды. Мәскеу қаласының аты көне жылнамаларда 1147 жылдан бастап аталса, Кремльдің қалыптасуы туралы жоғарыдағы деректі айттық. Әрине, әлемдік тарихи-мәдени қорық-мұражай әрі Ресей президентінің арнайы резиденциясы саналатын Мәскеу Кремлінің тарихтың әр кезеңінде талай қалыптасуларды бастан кешіргені белгілі. Дегенмен, бұл алтын жалатылған күмбездер мен салтанатты сарайлардан тұратын қайталанбас сәулет-тарихи ансамблі, негізінен, 15 ғасырдың архитектуралық ескерткіштерінен тұратынын, әрі Жайық өзенінің бойына салынған Сарайшық сынды «Мәскеу Кремлі» де Мәскеу өзенінің жағасына салынғанын ескерсек, Кремльдің Сарай Батудан, ал Қызыл алаңның Сарайшықтан көшірілгені дау туғызбаса керек. Тәшенов Төреғали, «Айқын» газеті