Ежелгі қоныс пен қола дәуірдегі әйелдің қорымы: ШҚО-дағы археологиялық қазба жұмыстарының соңғы жаңалықтары

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары өз жемісін беруде. Таяуда ғана тағы бір қорым табылған болатын. Қола дәуірінде өмір сүрген әйел қорымының жанынан 180 асық және бақаның бейнесі бар қола зат шықты. Сондағы қазба жұмыстарына ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев жетекшілік етуде. Кембридж университетінің мамандары да тартылып отыр. Бұл мақалада сіздерді сол жұмыстардың барысымен таныстырмақпыз.
None
Фото: Ринат Жұматаевтың жеке мұрағатынан

Қазба жұмыстары қашан басталды?

2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі еліміздің түкпір-түкпіріндегі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жатқан ғалымдардың басын қосып, археологияны дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдаған. Сол уақыттан бергі өңір аумағында жүргізілген қазба жұмыстарының басында белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев тұрды. Бағдарлама шеңберінде біршама жұмыс атқарылып, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар ашылды.

Оның ішіндегі екеуін ерекше атап өткен жөн.

Біріншісі, 2018 жылы Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдағы Ерте сақ дәуіріне жататын тоналмаған «Алтын адамның» табылуы. 1969 жылы Есік қорғанындағы «Алтын адамнан» кейінгі еш бүлінбегені тек осы ғана. Оның үстіне ол Есік қорғанына қарағанда көнерек.


«Екеуінің арасында 4 ғасыр айырмашылық бар. Елеке сазында жерленген адамның жасы 16-17 жас мөлшерінде деген болжам бар. Оның қасына ересек адам қойылған екен. Бірақ ол қатты тонауға түскен. Ал бозбаланың мүрдесін тонаушылар байқамаса керек», - дейді Зейнолла Самашев.

Бұдан бөлек, сол Елеке сазында ел бойынша алғаш рет көне түркі заманына жататын бірегей қағандық кешен табылды. Бұл да 2018 жылы болған. Онда қағанның тақта отырған екі суреті шықты. Алтыннан құйылған бұл суретте қағанның басында тәжі бар, бет-әлпеті де сақталған.

Шетелдік ғалымдар тартылды

2022 жылы Шығыс Қазақстаннан Абай облысы бөлініп шықты. Елеке сазы жайлауы жаңа өңірдің құрамында кетсе де ШҚО-дағы қазба жұмыстар тұралап қалған жоқ. Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылы маңында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев жетекшілік етуде. ҚазАқпарат тілшісі оны әңгімеге тартып көрген еді.


«Біз Зайсан ауданындағы қазба жұмыстарын Әбдеш Төлеубаевтың басшылығымен 2016 жылы бастағанбыз. 2017 жылы Айнабұлақтағы көне қорымдардан біздің заманымызға дейінгі 25-18 ғасырларға (қола дәуір) жататын жәдігерлер табылған болатын. Келесі жылы қазба жұмыстары Елеке сазында жалғасты. Ал 2023 жылы қайтадан Зайсан жерінде жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ол.

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің барлығы Шығыс Қазақстан облыстық Тарихи-өлкетану музейіне өткізіледі. Себебі жұмыстар тікелей өңірлік бюджет қаржысына жүргізілуде. Әкімдіктің тағы бір талабы – жыл сайын «Алтай – түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық конференция өткізіп, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды қорытындылау, оған шетелдік ғалымдарды тарту. Бұл жергілікті археологтардың бір қазанда қайнай бермей, өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасайды.

«Еңбегіміздің нәтижесі бірнеше халықаралық көрмеде паш етілді. Атап айтқанда, Ресейдің Мәскеу қаласында, Ұлыбританияның астанасы Лондонда, Татарстанның Қазан қаласында қойылды. «Алтай – түркі әлемінің бесігі» конференциясының арқасында Лондондағы Кембридж университетімен байланысымыз күшейді. 2020 жылдан бері қазба жұмыстарын Ребекка Робертс атты ғалым бастаған топпен бірлесіп жүргізіп келеміз», - дейді Ринат Жұматаев.


Зайсанның тарихы тереңде

Қазіргі Зайсан ауданындағы қазба жұмыстарына да аталмыш университтің мамандары тартылған. Оның ішінде антрополог, зооархелог, табылған металдармен және топырақпен жұмыс істейтін ғалымдар бар.

«Биылғы жұмысымыз да бізге үлкен жаңалық әкеліп отыр. Айнабұлақ-Темірсу қорымының толық топографиялық жоспары түсіріліп, бірнеше оба зерттелді. Сол обалардың бірінен әйел адамның жерлеу орны аршылды. Оның жанынан қоладан жасалған ұштық пен ілгіш, қола ыдыс, 180 асық және бақаның бейнесі бар қола зат табылды. Бірақ қай ғасыр екенін нақты айту әзірге мүмкін емес. Материалдардың барлығы сараптамаға жіберілді. Кембридж университетімен жасалған келісімшарт негізінде олар бізге арнайы құрылғылармен қорымның уақытын анықтап береді. Ал бақаның бейнесі бар зат Қазақстан археологиясы үшін үлкен жаңалық болды. Қытай мен Мысырдағы табылған заттардағы бақаны ғалымдар негізінен су культымен байланыстырады. Ал біздегі бақаның не мағына беретінін, басқалармен ұқсастығын зерттеу үстіндеміз. Сараптама нәтижелері келген соң жыл соңына дейін белгілі бір қорытынды жасап, барлығын ғылыми мақала ретінде жарыққа шығарамыз», - дейді археолог.


Бұдан бөлек, Айнабұлақтан ежелгі үш қоныстың орны анықталды. Бұған дейін Зайсан ауданында мұндай қоныс мүлде табылмаған.

«Осы қоныстардың табылуының ғылыми және саяси тұрғыда маңызы зор. Себебі кейбіреулер Зайсан қаласының тарихын 1860 жылы орыс патшасы салған бекініспен байланыстырады. Ал шын мәнінде шаһардың тарихы өте тереңде. Бұл қоныстар соны дәлелдейді. Келесі жылы қоныстардағы зерттеу жұмыстарын одан әрі тереңдетіп жүргізгіміз келеді», - дейді Ринат Жұматаев.

2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жыл сайын 500 қазақстандық ғалымды мемлекет есебінен шетелде тағылымдамадан өтуге жіберу керектігін айтқан еді. Соның нәтижесінде, жаңа жоба қолға алынып, ғалымдарымыз шет мемлекеттерге жіберіле бастады. Биыл сол гранттардың бірін Ринат Жұматаев ұтып алды. Енді алдағы қазан айында Лондонға жол тартпақ. Бір жыл бойы сондағы зертханаларда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинап қайтады.


«Алдағы жылдары шәкірттерім де шетелге барып, біліктілігін арттырып келсе деймін. Болашағынан зор үміт күттіретін жастарымыз аз емес. Атап айтар болсам, Самат Шәкенов Шығыс Қазақстандағы қола дәуір бойынша диссертациялық жұмыс жазып жатыр. Докторандураға тапсырайын деп жүрген жас археолог Ақбар Ерғабылов, үшінші курстағы докторант Бибінұр Жарылқасынова өздерін жақсы қырынан көрсетуде. Жалпы қазіргі жастардың ғылымға деген талпысыны қуантады», - дейді ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі.


Соңғы жаңалықтар