Facebook қолданушыларының фотоларына рұқсатсыз кірген Meta-ға 805 млн еуро айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Италияда Meta компаниясы Facebook қолданушыларының фотоларына рұқсатсыз қол жеткізгені үшін 805 миллион еуро айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Анадолы.
Италияның Жеке деректерді қорғау басқармасы (Garante della Privacy) Meta компаниясына 805 миллион еуро айыппұл салды. Бұған Facebook әлеуметтік желісінің Android құрылғыларындағы галереяларда сақталған фотолар мен бейнежазбаларға қолданушылардың арнайы рұқсатынсыз қол жеткізуі себеп болған.
Ведомствоның жазбаша мәлімдемесіне сәйкес, айыппұл Meta компаниясының Ирландиядағы бөлімшесіне салынған. Сонымен қатар реттеуші орган фотолар мен бейнежазбаларға арнайы рұқсатсыз қол жеткізуге мүмкіндік беретін функцияны 60 күн ішінде өшіруді міндеттеген.
Мұндай шешімге Facebook қосымшасының италиялық Android қолданушыларының смартфондарында сақталған фотоларға, бейнежазбаларға және оларға қатысты деректерге арнайы келісімсіз әрі тиісті ақпарат бермей қол жеткізгені негіз болған.
Әңгіме 2023 жылы іске қосылған «Facebook-ті пайдалану кезінде галереядан ұсыныстар алу» функциясы туралы болып отыр.
Бұл функцияға қатысты тергеу 2025 жылғы шілдеде Больцано тұтынушылар құқығын қорғау орталығының шағымынан кейін басталған.
Айыппұл мөлшерін белгілеу кезінде реттеуші орган бірнеше факторды ескерген. Олардың қатарында Италияда Android жүйесін пайдаланатын шамамен 20 миллион адамның болуы, заңбұзушылықтың ұзақтығы, компанияға 2019 жылы берілген бұрынғы нұсқама және тергеу барысында ведомствомен жеткілікті деңгейде ынтымақтаспау жағдайлары бар.
Мәлімдемеге сәйкес, айыппұл сомасы тиісті компаниялар тобының әлемдік айналымының шамамен 0,47 пайызына тең.
Бұдан бұрын Meta Instagram қолданушыларының нақты жасын анықтау үшін ЖИ қолданатынын жазғанбыз.