Фахреттин Алтун: АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әрекеті Таяу Шығыста хаос туғызады
АСТАНА. KAZINFORM – Фахреттин Алтун АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған әуе шабуылдарын қатаң сынға алып, бұл әрекеттер Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі ушықтырып, хаос пен бейберекетсіздікке апаратынын ескертті, деп хабарлайды Анадолы.

Ол халықаралық қауымдастықты арандатушылық пен халықаралық жүйені әлсіретуге бағытталған радикалды желінің әрекеттеріне қарсы тұруға және кез келген мәселелерді шешуде дипломатиялық жолды ұстануға шақырды.
Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының директоры Фахреттин Алтун Иранның ядролық нысандарына жасалған АҚШ-тың әуе соққылары мен Израильдің Иранға қарсы агрессиясына Вашингтонның қосылуын қатаң сынға алды. Ол бұл әрекеттер Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылыққа емес, керісінше, жаңа деңгейдегі хаос пен бейберекетсіздікке апаратынын мәлімдеді.
Алтун бұл мәлімдемесін әлеуметтік желіде жариялады.
— АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған әуе соққысы және Израильдің Иранға қарсы агрессиясына қосылуы — бұл бейбітшілік пен тұрақтылыққа емес, хаос пен тәртіпсіздікке апаратын жаңа қадам, — деді.
Оның айтуынша, АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстанға әскери интервенциясынан басталған процесс әлемде радикализм мен терроризмнің күшеюіне алып келді, дәл осы сияқты Иранға қарсы шабуыл да осындай салдарға соқтыруы мүмкін.
— АҚШ-тың әскери интервенциялары Батыста Еуропаның саяси картасын өзгертетін динамиканы туғызды, мұсылмандарға қарсы ксенофобия мен өшпенділікті өршітті, ал Шығыста антиамерикандық және батысқа қарсы көңіл күйді күшейтті, — деді ол.
Алтун егер Америка Израильдің геноцидтік әскери саясатын тежеудің орнына Нетаньяху әкімшілігінің бақылаусыз әрекеттеріне ерсе, бұл бүкіл әлемдегі бейбітшілікке қол жеткізуді одан сайын алыстататынын ескертті.
Фахреттин Алтун халықаралық қауымдастықты парасатты ұстанымдар төңірегінде бірігіп, халықаралық жүйені әлсіретуге және арандатып бұзуға бағытталған радикалды желіге қарсы тұруға, сондай-ақ өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуде дипломатияны басшылыққа алуға шақырды.
— Президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түркия өркениеттер арасындағы бейбітшілікті насихаттап, Шығыс пен Батыс арасындағы үйлесімділікті нығайтуға, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа үлес қосатын саяси ұстанымын жалғастыра береді, — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған болатын. Дональд Трамп бұл операцияны сәтті деп бағалады.