Факторлық-баллдық жүйе арқылы кадрлар тұрақтай бастады - агенттік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова факторлық-баллдық жүйенің қаншалықты тиімді екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Факторлық-баллдық шкала жүйесі мемлекеттік қызметшілердің ынталандырады және өзге жастардың қызығушылығын оятады. Әзірге бұл жүйе біздің агенттікте, Әділет министрлігінде, Маңғыстау облысының және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктерінде пилоттық режимде жұмыс істейді. Шын мәнінде бұл - өте тиімді механизм және біз оны қолдаймыз», - деді агенттік басшысы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, ол факторлық-баллдық жүйе арқылы кадрлардың тұрақтамауы мәселесі шешілгенін атап өтті.
«Пайыздық үлесте айтар бослам, Әділет министрлігінде кадрлардың тұрақтамауы 4,6% болатын. Факторлық-баллдық жүйеден кейін бұл көрсеткіш 0,6% дейін төмендеді. Яғни, бұл жүйенің тиімді екенін айғақтап отыр. Елбасы атап өткендей, факторлық-баллдық шкала қаржыландырудың ішкі көздері арқылы жұмыс істейді», - деді Анар Жайылғанова.