Family Park аумағында тұрғын үй кешені салынбайды — Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі Family Park аумағында тұрғын үй кешені немесе өзге де құрылыс нысандары салынады деген ақпаратты жоққа шығарды.

Family Park
Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдіктің мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы Алматының бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік, яғни саябақ аймағы болып қала береді. Оның нысаналы және функционалдық мақсатын өзгерту жоспарланбаған.

— Қазіргі уақытта тек аумақты тікелей мемлекеттік басқаруға қайтарып, оны кешенді түрде қайта жаңғырту, көріктендіру және жаңғырту мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген хабарламада.

Әкімдік ұзақ жылдар бойы нысанды пайдаланған жалға алушы саябақты күтіп-ұстау және дамыту бойынша өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамағанын, инфрақұрылымына инвестиция салмағанын мәлімдеді. Соның салдарынан саябақтың инфрақұрылымы едәуір тозып, жағдайы нашарлаған.

Осыған байланысты саябақтың инженерлік және демалыс инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындар үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кедергісіз орта жасау жоспарланған.

Әкімдіктің хабарлауынша, бастаманың негізгі мақсаты – Family Park-ті қоғамдық демалыс орны ретінде сақтап, оны заманауи талаптарға сай жаңғырту. Соның нәтижесінде алматылықтар мен қала қонақтарына арналған қауіпсіз әрі жайлы саябақ қалыптастыру жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі 40 қабатты RAMS Beyond кешенінің құрылысына қатысты жаңа деректерді бөліскен еді.