FAO Қазақстанмен серіктестігін тағы 10 жылға ұзартады

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Қазақстанмен серіктестігін тағы 10 жылға ұзартады. Бұл туралы Астана халықаралық форумында FAO бас директоры Цюй Дунъюй айтты. 

FAO Қазақстанмен серіктестігін тағы 10 жылға ұзартады
Фото: Ақорда

Цюй Дунъюй Қазақстанның өңірдегі аграрлық азық-түлік жүйесін трансформациялаудағы үлесін жоғары бағалап, республикамен серіктестік бағдарламасын тағы 10 жылға ұзартуға дайын екендігін білдірді.

— Біздің Қазақстанмен 10 жылдық бағдарламамыз қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Сондықтан біз осынау серіктестікті тағы 10 жылға ұзартуға дайынбыз. FAO-ның 100 жылдық мерейтойын атап өтер кезде байқап отырмағанымызды, әрекет еткенімізді мақтанышпен айтатын боламыз. Бізге айрықша ынтымақтастық, барынша тиімділік пен нақтылық қажет. Биыл 16 қазанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған ұйымымыздың 80 жылдық мерейтойын атап өтуіне жиналамыз, — деді ол.

Сонымен қатар ол Орталық Азияның жаһандық процестердегі рөліне тоқталды. Оның пайымынша, Орталық Азия географиялық, экономикалық және климаттық тұрғыдан алғанда маңызды түйісу нүктесі саналады.

— Қазақстан — аумағы жағынан Орталық Азиядағы ең үлкен ел. Президент мырзаның елді өңірдегі және әлемдегі азық-түлік хабы ретінде таныту ойы республиканың өңірлік деңгейде зор үлесі барын көрсетеді, — деді мәртебелі мейман.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.  Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған.

Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайтынын айтты. 

Соңғы жаңалықтар