Фариза Оңғарсынова Астанадағы Ұлттық Пантеонға жерленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова Астанадағы Ұлттық Пантеонға жерленді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
None
None

Бұрын хабарланғандай, Фариза Оңғарсыновамен қоштасу рәсімі бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында өткен болатын. Ақын 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысында дүниеге келген. Ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР халық жазушысы, «Достық» орденімен марапатталған. Педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған. Мұғалім, мектеп директоры, газет-журналдарда тілші және редактор болып істеген.

Ақынның алғашқы жыр жинағы «Сандуғаш» 1967 жылы жарық көрді. Сонымен қатар, «Жазушы» баспасынан басқа да өлеңдер жинағы шығарылды: «Мелодия» (1970), «Мазасыз шақ» (1972), «Асау толқын» (1973), «Көгершіндерім» (1974), «Буйное русло» (1975), «Зной» таңдамалы өлеңдердің бір томдығы (1978). Ақынның орыс тіліндегі өлеңдері «Жалын» баспасынан жарияланды - «Нежность» (1977) және «Гончая птица» (1988), Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасында «Тревоги» (1979), «Ожидание солнца» (1985) және «Советский писатель» баспасынан «Озарение» (1980) өлеңдер жинағы шығарылды. Бұдан басқа, ақын «Биіктік» көркемдік очерктер және «Біздің Кәмшат» деректі повесінің авторы. Ф. Оңғарсынова молдовалық жазушы С. Вангелидің «Гугуце шытырмандары» повесін, С. Капутикян, Е. Евтушенко, Р. Казакованың өлеңдерін, сондай-ақ, Чили ақыны П. Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын қазақ тіліне аударған.

Ұлттық Пантеон - Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекеттік қайраткерлеріне арналған зират. 2013 жылдың қазанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ұлттық Пантеонға алғашқы болып белгілі саяси қайраткер Орал Мұхамеджанов жерленген болатын.

Соңғы жаңалықтар