Фармацевтика саласында 741 млн теңгенің қаржылық заң бұзушылығы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында 2024-2025 жылдары фармацевтика саласында жүргізілген екі аудиттің қорытындысын жариялады.

Фармацевтика
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

- Аудит нәтижелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетті. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отырады, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол екі аудит нәтижесі бойынша қанша теңгенің бұзушылықтары анықталғанын атап өтті. 

- Жалпы екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді, - деді Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы.

Айта кетейік, препараттарды тіркеу рәсімінде де шикіліктер анықталды.

Соңғы жаңалықтар