Фармация комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрінің келісімі негізінде Фармация комитеті төрағасының бұйрығымен комитеттің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Нұрсұлтан Ермекбаев тағайындалды.

Нұрсұлтан Ермекбаев
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін оны аймақ активіне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев таныстырды.

Нұрсұлтан Әлімбайұлы 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Астана медицина университетінде фармация, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2017 жылы Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде бас маман ретінде бастап, басқа да лауазымдарда болған. 2026 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін департамент басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Жаңа басшыға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын, қауіпсіздігін бақылау тапсырылды. Сондай-ақ тұрғындардың дәрі-дәрмекке қажеттілігі, қолжетімділігі жан-жақты талдануы керек.

Бұдан бөлек, фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысында анықталған кемшіліктерді жою, алдағы уақытта қайталануына жол бермеу бағытында да тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен келісілген өкіміне сәйкес Біржан Сайлауұлы Көшербаев құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды.