Фарух Тоқтасынов Странджа турнирінде жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық Странджа турнирінің бесінші жарыс күні, 27 ақпанда ел құрамасынан Фарух Тоқтасынов (70 келі) жартылай финалға жолдама алды.

Фарух Тоқтасынов
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Фарух Тоқтасынов ¼ финалда Германияның жас спортшысы Рэнди Ботикалимен жолықты. Отандасымыз 3 раунд бойы жоғары қарқында шеберлік көрсетіп, қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Фарух Тоқтасынов 2025 жылғы Болгариядағы турнирдің күміс жүлдегері болған.

Сондай-ақ қазақстандық Даниал Сәбит (50 келі) ¼ финалда Түркия спортшысы Улас Ялчинкаяны қапы қалдырды.

Ал ел құрамасынан Бағлан Кенжебек (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (70 келі) жарыс жолын аяқтады.

Енді кешкі сессияда Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі), Дәулет Төлемісов (90 келі), Нұрлан Сапарбай (90 келіден жоғары), Бекзат Таңатар (85 келі), Нұрмагамед Юсупов (90 келі) шаршы алаңға шығады.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы Болгария астанасына 39 боксшыны аттандырды. Биыл Странджа кубогы 77 мәрте өткізіп жатыр. Бұл турнир Еуропа құрлығындағы тарихи терең спорттық жарыс саналады. 

23 ақпан-2 наурыз аралығында болып жатқан турнирге 36 елден 300-ден астам боксшы келетіні нақтыланды. Олардың арасында Болгариядан бөлек Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Куба, Әзербайжан, Бразилия, Украина, Моңғолия, Англия, Түрікменстан, Қытай Тайпейі және өзге мемлекеттер бар.

Соңғы жаңалықтар
Референдум