Фарух Тоқтасынов Странджа турнирінің күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық Странджа турнирінде Фарух Тоқтасынов (70 келі) күміс жүлдегер атанды.

Фарух Тоқтасынов Странджа турнирінің күміс жүлдегері атанды
Фото: ҚБФ

Халықаралық турнирде отандасымыз шешуші жекпе-жекте АҚШ өкілі Лавант Броунлимен қолғап түйістірді. Өте тартысты өткен кездесудің шешуші раундында дәлдік танытқан Лавант Броули 4:1 есебімен басым түсті.

Қазақстандық боксшы бұл турнирде 1/16 финалда аустриялық Арсен Чабиан, 1/8 финалда түркіменстандық Байрамдурды Нұрмұхаммедовті 5:0 есебімен жеңсе, ¼ финалда германиялық Рэнди Ботикалиді 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаев алған жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартып, отандасымыз бірден финалға шыққан еді.

Айта кетсек, қазірге дейін халықаралық турнирде Элина Базарова (54 келі), Надежда Рябец (80 келі), Валерия Аксенова (80 келіден жоғары), Даниял Сәбит (50 келі) чемпиондық тұғырға көтерілсе, Лаура Есенкелді (65 келі) күміс жүлдегер атанды.

23 ақпан-2 наурыз аралығында болып жатқан турнирге 36 елден 300-ден астам боксшы келді. Олардың арасында Болгариядан бөлек Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Куба, Әзербайжан, Бразилия, Украина, Моңғолия, Англия, Түркіменстан, Қытай Тайпейі және өзге мемлекеттер бар.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы Болгария астанасына 39 боксшыны аттандырды.

Биыл «Странджа кубогы» 77 мәрте өткізіп жатыр. Бұл турнир Еуропа құрлығындағы тарихи терең спорттық жарыс саналады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум