Федералды апелляциялық сот Трамп тарифтерінің әрекет етуіне мүмкіндік берді
АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбі күні федералды апелляциялық сот Дональд Трамп тарифтеріне тосқауыл қойған төменгі сот шешімін уақытша тоқтатты, деп хабарлайды NBC News арнасы.

— Халықаралық сауда сотының бұл шешімі мен тыйымы келесі хабарламаға дейін уақытша тоқтатылады, — делінген АҚШ-тың Федералды апелляциялық сотының қысқаша хабарламасында.
Шешім төменгі соттың шешімін 9 маусымға дейін қалдырады.
Талапкерлердің адвокаты «Либерти» орталығының қызметкері Джеффри Шваб мәлімдемесінде бұл шешім «бар болғаны процессуалдық қадам, өйткені сот үкіметтің апелляцияға дейін ұзағырақ болу туралы өтінішін қарайды» деді.
— Біз Федералды округ үкіметтің ұсынысын түбегейлі жоққа шығаратынына сенімдіміз, — деді Шваб.
Бұған дейін АҚШ-тың Халықаралық сауда сотының судьялары Трамп атқарушы бұйрықтарында қолданған «Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы» федералдық заң «президентке шектеусіз тарифтік өкілеттік бермейді» деп мәлімдеді.
Төменгі сатыдағы соттың шешімі Трамптың тарифтеріне қатысты екі сот ісін қамтыды: біреуі Аризона мен Орегон бастаған бір топ штаттар тарифтер бойынша сотқа берді, екіншісінде бірнеше шағын бизнес Трамптың өкілеттігін шектен асырды деп уәж айтты.
Трамп әкімшілігі өз тарапынан АҚШ-тың Федералдық округ бойынша апелляциялық сотына тез арада шағым түсірді.
Трамп АҚШ-ты әділетсіз сауда тәжірибесі арқылы «алдау» үшін айыптаған ондаған елмен сауда келіссөздерін ашу үшін тарифтер қолданды.
Сәуір айында 12 штат Трамп әкімшілігін тарифтер бойынша, ал мамырда 20 штат иммиграциялық талаптар мен қаржыландыруды қысқарту қаупі үшін сотқа берді.