Фермерлерді қолдау үшін барлық қажетті шара қабылданды – Асайын Байханов
Павлодар облысында фермерлерді қолдау және құрғақшылықтың салдарын азайту үшін барлық қажетті шара қабылданды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Облыс фермерлері үшін ағымдағы маусым оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы өз әсерін тигізбей қоймады. Осыған байланысты біз фермерлерді қолдау және құрғақшылықтың салдарын азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдадық. Жергілікті бюджеттен фермерлердің жем-шөп дайындауға жұмсаған шығындарының құнын арзандату үшін 3 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік көмекті 1,5 мыңнан астам фермер алды. Шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4-тен 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Жеңілдікті баға – 232 теңге, бұл дизель отынының нарықтық құнынан 21 пайызға төмен», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, шөп дайындау үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен ауданы 25 мың гектардан асатын қосымша шабындық алқаптар бөлінді. Бұл шамамен 20 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік берді. «Павлодар» ӘКК жанынан малды қолда ұстайтын кезеңде халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен инвестициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, тыңайтқыштарды, мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға 6,8 млрд теңге бөлінді.
«Құрғақшылыққа байланысты облыстың 38 шаруашылығына 1,3 млрд теңге сомаға сақтандыру төлемдері берілді. Қаржы институттарымен 95 қарызды қайта құрылымдау және ұзарту мәселелері пысықталды. Алдағы қысқы кезеңге облыс аудандарында 1,2 млн тонна шөп дайындалды», - деді ол.