Фейк: Қазақстандағы дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт

АСТАНА. ҚазАқпарат – Желіде тараған видеода белгісіз біреу Қазақстандағы барлық дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт, ал дәріханалардағы препараттар көбінесе пайдасыз әрі қауіпті дейді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мұны түгелдей жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат StopFake.kz редакциясына сілтеме жасап.
None

Видеодағы адам бірден бірнеше жалған тезис келтіреді.

Біріншісі: Қазақстандағы дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт.

Екіншісі: ҚР кеденінде «Фастум гель» препаратының партиясы тәркіленді, оның вазелин бұрыш және лимон сығындысынан тұратыны анықталған.

Үшіншісі: Қарағандыда 35 жастағы автобус жүргізушісі «анальгин» ішіп, жарты сағаттан кейін қайтыс болған, дәрінің құрамында егеуқұйрыққа қарсы у болған. Бұл препараттан тағы 16 адам уланған екен.

Төртіншісі: Алматыда дәріханаларды тексеру кезінде «Но-шпа» препараты деп кәдімгі борды сату фактісі тіркелген.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл тезистердің бәрін жоққа шығарды.

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бұл мәлімдеме бойынша ел аумағында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында заң бұзушылық фактілерін анықтаған жоқ және тіркемеген. Белгісіз дәріскер айтқан «фактілердің» ешқайсысы расталмады, демек, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Айта кетейік, елімізде барлық дәрі-дәрмек дәріханаларға жеткізілмес бұрын қауіпсіздік мен тиімділік жағынан міндетті сараптамадан өтеді. Кешенді бағалауды Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптаудың ұлттық орталығының сарапшылары жүргізеді (ДЗМБСҰО). ДЗМБСҰО сарапшылары құжаттарды мұқият талдайды, клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулер бойынша деректерді зерттейді, зертханалық зерттеулер жүргізеді. Соның қорытындысы негізінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркеу куәлігін, яғни Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге рұқсат береді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерге тұрақты фармакологиялық қадағалау және қолдану кезеңінде медициналық өнімдерге мониторинг жүргізіледі, яғни препараттар мен медициналық өнімдердің сапасын талдау және бағалау бүкіл өмірлік циклде жүзеге асырылады. Бұл жұмысты Комитет ұлттық орталықпен бірлесіп атқарады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, таралған роликтің ескі екенін атап өткен жөн. Суреттерді кері іздеу құралының көмегімен видеоның алғаш рет 2019 жылдың наурыз айында Facebook әлеуметтік желісінде жарияланғаны анықталды. Бірақ, онда кімнің сөз сөйлеп тұрғаны және оның қайда түсірілгені жазылмаған. Кейін бұл ролик YouTube және Instagram сияқты платформаларда да шыққан, бірақ кеңінен таралмаған.

Ролик тараған 2019 жылы да, одан кейінгі жылдары да БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қарағандыда қайтыс болған жүргізуші, шекарада белгілі жақпа май партиясын тәркілеу, Алматыда дәріханаларда ауырсынуды басатын дәрі ретінде бор сатылғаны туралы ақпараттар шықпаған. Қорыта айтқанда, бұл оқиғаларды ролик кейіпкері ойдан шығарған.


Соңғы жаңалықтар