Фидель Кастро - Бостандық аралының командантесі

Фидель Кастро куба елінің басшысы, саясаткер. Ол еңбек жолын 1965 жылы Куба коммунистік партиясының хатшылығынан бастаған. 1976-2008 жылдары аралығында Министрлер жанындағы кеңес пен мемлекеттік кеңестің төрағасы қызметтерін атқарады.
Фидель Кастро испандық жанұяда дүниеге келді. 1945-1950 жылдары Гавана университетінде білім алды. Сол студенттік жылдары революциялық қозғалыстың белсенді мүшесі болды. 1953 жылы Фульхенсио Батиста-и-Сальдивардың диктаторлық жүйесін құлату үшін Кастро бастаған топ қарулы көтеріліс ұйымдастырды. Алайда үкімет әскерінен жеңіліс тапқан олар тұтқынға түсіп, Кастроға екі жыл түрмеде отыруына тура келді. Екі жылдан кейін оларды Кубадан аластатып, өзге елге жер аударып жіберді. Бірақ 1956 жылы өзінің бір топ серігімен жасырын елге оралған Кастро билікке қарсы партизан соғысын бастады. Қақтығыс 1959 жылы аяқталып, жеңіске жеткен Фидель Кастро билік тізгінін қолына алды. Осыдан кейін құлатылған үкімет жақтаушылары АҚШ-тан көмек сұрады. АҚШ кубалық эмигранттардан қарулы жасақ ұйымдастырып, олар 1961 жылдың сәуірінде Кастро үкіметіне шабуыл ұйымдастырды. Шабуыл сәтсіз аяқталғанымен, АҚШ Кубадағы коммунистік үкіметтен құтылу пиғылынан бас тартқан жоқ. Ал КСРО үкіметі Кастро режімін сақтап қалуға тырысты. Осы мақсатта КСРО басшылары Кубаға Кеңес Одағының зымырандарын орналастыру жөнінде құпия шешім қабылдады. 1962 жылы тамызда АҚШ-тың барлау мекемесінің басшысы президентке Кубада ракеталық кешенге ұқсас күдікті құрылыс салынып жатқанын мәлімдеді. Мұқият барлау нәтижесінде Кубаға КСРО-дан 42 зымыран, 40 мың әскер орналастырылғаны мәлім болды. АҚШ үкіметі КСРО Сыртқы істер министрінен Кубаға орналастырылып жатқан қару жөнінде нақтылы жауап ала алмағаннан кейін, 22 қазан күні Кубаны теңізден де, әуеден де қоршауға алып, оқшаулады. 27 қазан күні кеңестік зенитшілер Куба әуе кеңістігін барлап жүрген АҚШ ұшағын атып түсірді. АҚШ әскерилері президенттен Кубаны дереу атқылауға рұқсат беруін талап етті. Президент 28 қазан күні шешім қабылдауға тиіс еді. Сол күні таңертең Кеңес үкіметі өз әскерлері мен зымырандарын кері әкететінін мәлімдеді. АҚШ өз тарапынан Кубаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін және бұрын басып алған Гуантамо әскери-теңіз базасын кері қайтаратын болды. Сөйтіп, әлем ядролық соғыс қаупінен құтылған еді.
Айта кетерлігі, кейбір деректерге қарағанда, Кастроға 600-ден астам рет қастандық жасалған. Оны құралайды көзге атқан мергендер нысанаға алып, автокөлігіне мина қойылған, тамағына, шегетін темекісіне у қосып бергенімен бәрінен де аман қалған. Тіпті оның өліміне кезінде АҚШ-тың Орталық барлау қызметі 2 миллион доллар ақша тіксе де ол 90 жасында өмірден озды.
Жалпы, Кастро билік басына келгеннен кейін КСРО бастаған социалистік елдер Кубаға саяси-экономикалық, қаржылай, әлеуметтік-гуманитарлық жағынан жан-жақты қолдау көрсеткен болатын. Жүздеген кеңестік білікті инженер, құрылысшы, техник, әскери мамандар барып, Кубаның әлеуетін арттыруға тынбай еңбек етті. Сол кезеңдерде Фидель Кастроның арнайы шақыруымен даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы «Бостандық аралына» барып, ол жайында «Куба әсерлері» деген кітап жазғаны да есте.
Айтпақшы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Фидель Кастроның қайтыс болуына байланысты Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастроға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Қазақстан Президентінің Куба революциясы көшбасшысының дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген. «Қазақстан халқы командантэ Фидель Кастроны парасатты басшы, беделді саясаткер және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде есінде сақтайтын болады», - делінген көңіл айту жеделхатында. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан достық пейілдегі Куба Республикасының халқына көңіл айтты.