ФИФА Катарда өтетін әлем чемпионатының ашылуын 20 қарашаға жылжытты

«Бұл өзгеріс футболдан әлем чемпионатының қожайындар немесе қазіргі чемпиондар қатысатын бірінші матчпен ашылуы дәстүрінің сабақтастығына мүмкіндік береді», - делінген ФИФА мәлімдемесінде.
Демек, чемпионат қожайындары Катар мен Эквадор арасындағы алғашқы ойынды ашылу салтанатынан кейін бірден өткізеді.
«ФИФА-2022 әлем чемпионаты жергілікті және шетелдік жанкүйерлер үшін тіптен мерекелік сипатта басталатын болды, өйткені қабылдаушы ел Катар енді Эквадормен жексенбі, 20 қараша күні сағат 19:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00) кездеседі. Билет иелеріне матчтардың ауыстырылғаны туралы электрондық пошта арқылы хабарланады және олардың билеттері жаңа күн/уақытқа қарамастан жарамды болып қалады. Сонымен қатар, ФИФА осы өзгерістен туындайтын кез келген мәселелерді шешуге тырысады», - деп мәлім етті ФИФА.
Халықаралық футбол федерациясы бұл шешімнің «бәсекеге қабілетті және операциялық салдарларды» бағалаудан кейін, мүдделі тараптармен, сондай-ақ қабылдаушы елмен кеңесе отырып қабылданғанын айтты.
Бұған дейін чемпионаттың бірінші матчы 21 қарашада Сенегал мен Нидерланд арасында өтеді деп жоспарланған. ФИФА шешімінен кейін бұл матч 21 қараша сағат 19:00-ге ауыстырылды, яғни Катар мен Эквадор арасындағы ойынға бөлінген кешкі уақытқа ауысты.
Айта кетейік, биыл футболдан 22-ші әлем чемпионаты 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катарда өтеді. Ашылу салтанаты мен бірінші ойынды жанкүйерлер Катар астанасы Доханың солтүстігінде орналасқан әл-Хор қаласындағы 60 мың көрерменге арналған «әл-Байт» стадионында тамашалайды. Чемпионат араб елінде алғаш рет өткізіліп отыр. Сондай-ақ, турнирдің 92 жылдық тарихында тұңғыш рет жылдың соңғы айлары – қараша мен желтоқсанда өткізілмек. Турнирдің финалы 18 желтоқсанда, Катардың ұлттық күніне белгіленген.
Фото: AlJazeera