«Филип Моррис Қазақстан» компаниясы 400 балаға тегін демалу мүмкіндігін жасады

Жуырда Шелек ауылында орын тепкен американдық «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының ауласынан темекі шаруашылығымен айналысатын шаруалар мен қырғыз, өзбек елінен келген еңбек мигранттарының 192 баласы Талғар ауданына қарасты «Маралсай» шатқалындағы табиғаты дәрумен, суы тұнық, салқын ауасы жанға шипа «Спутник», «Огонек» лагерьлеріне 20 күндік демалысқа аттанып кетті.
Олардың 70-і еңбек мигранттарының балалары.
Балаларын салтанатпен шығарып салған Шелек селолық округі әкімінің орынбасары Ильшат Османов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Фатима Заирова, «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы Шелек филиалының директоры Павел Кавунов, «Қарлығаш» ҮЕҰ білім жетілдіру-кеңес беруші әйелдер орталығының президенті Алла Денисованың айтуынша, бұл қайырымдылық балалардың құқығын қорғау ісін жандандырудың басы ғана.
«Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қаражатына әрқайсысы 90 мың теңгелік 400 жолдама сатып алынып, осынша балаға тегін демалу мүмкіндігі жасалынып отыр. Тамыз айының алғашқы күнінен екінші топпен тағы 200 бала аталмыш демалыс лагерьлеріне жөнелтілмек.