Филиппин мен Индонезиядан әкелінген көбелектер алматылықтарды таң-тамаша етті (ФОТО)
Сондай-ақ, көрме барысында келушілер көбелектердің дернәсіл күйінен қуыршақ күйіне қалай өтетінін, қалай дүниеге келіп, қалай пілләдан жарып шығатынын тамашалай алады. Мамандардың айтуынша, тропикалық көбелектер небәрі 7-10 күн ғана өмір сүреді. Алайда, олардың ішінде Филиппиннен алдырылған Калиго тұқымының даралары қолайлы климат жағдайында 2 айға дейін өмір сүре алады. «Әр апта сайын Қазақстанға 200-ге жуық піллә жіберіледі. Оларға қолайлы климаттық жағдай жасауға тырысамыз. Ауа температурасы 25-30 градус жылы, ылғалдылық 80 пайызға дейін жетеді. Бірақ, олардың біразы алыс жолдан тасымалдау кезінде өліп қалып жатады. Кейбірі ақаулармен туылады. Көбелектер қанатын жайса 10-20 сантиметрге дейін жетеді», - деді көрменің әкімшісі Леонид Логачев. Кешеден бері көрмені жүздеген алматылық тамашалады. Әсіресе, балалардың қызығушылығында шек жоқ.