Филиппинде пияз бағасы рекордтық деңгейге жетті
Филиппин асханасында негізгі ас құрамы саналатын пияз бағасы еттен де қымбаттап кеткен. Пияздың бір келісі 700 песоға немесе шамамен 13 АҚШ долларына қымбаттады.
Жергілікті мейрамханаларда пияз және пияз қосылған тағамдардың жоқтығы ескертілген хабарландырулар ілінген.
Филиппиндік шенеуніктер туристерге арнайы рұқсатсыз пияз тасымалдауға болмайтынын ескертіп жатыр.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Филиппин шенеуніктері өткен жылы 500-600 миллион песо тұратын (9-11 миллион АҚШ доллары) пиязды тәркілеген. Контрабандалық пияздың көлемі елдегі барлық контрабандалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызын алған.
Осы аптада ел президенті Фердинанд Маркос елдегі азық-түлік инфляциясын төтенше жағдай деп атады.
«Пияз бағасының қымбаттауы желтоқсан айында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті», - деді Атенео де Манила университетінің профессоры Леонардо Ланзона.
Желтоқсан айының соңында пияздың бір келісі 720 песоға (13 доллар) жетті, бұл мегаполистегі ең төменгі күндік жалақыдан (533-570 песо) асып түседі. Содан бері баға төмендеді, бірақ бір келі пияз әлі күнге дейін тұтас тауықтан қымбат.
Тек пияз ғана қымбаттаған жоқ. Жұмыртқа бағасы да көтеріліп, елде қант тапшылығы байқалды.
Сарапшылар пияз дағдарысының әртүрлі себептерін атайды: салқындатқыш қоймалардың жетіспеушілігі, пандемиядан кейінгі сұраныстың өсуі, контрабанда мен табиғи апаттардың әсері.
Филиппиннің ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті фермерлерге әсерді азайту үшін пияз импортына шектеулер енгізілетінін айтты. Филиппин президенті CNN Philippines арнасына берген сұхбатында көкөністі импорттаудан басқа амал жоқ екенін хабарлады. Сонымен қатар, өндірісті жақсарту және контрабандамен күресу үшін шаралар қолданылатынын айтты.
«Менің ойымша, бұл мәселені шешудің ең жақсы жолы – фермерлерге тұтынушылармен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік беру», - деді профессор Ланзона.
Ол үкімет фермерлерді нарыққа шығу үшін технологиялармен қамтамасыз етуге назар аударуы керек екенін атап өтті.
Фото: Rolex dela Peña/EPA