Филиппиндегі тайфун: 60-тан астам адам қаза тапты

АСТАНА.KAZINFORM — Биылғы жылдың ең қуатты тайфундардың бірі Филиппин орталығына соққы бергендіктен, 66 адам қаза тауып, жүз мыңдаған адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды BBC.

Филиппиндегі тайфун салдарынан 60-тан астам адам қаза тапты
Фото: Bild

«Калмаэги» тайфуны салдарынан халық тығыз орналасқан Себу аралының орталық бөлігіндегі тұтас қалаларды су басты, онда құтқарушылар 49 адамның қаза тапқанын хабарлады. Тағы 26 адам әлі із-түзсіз жоғалып кеткен, деп хабарлады азаматтық қорғаныс қызметкері жергілікті БАҚ-қа.

Ресми түрде расталған құрбандар арасында Себудің оңтүстігіндегі Минданао аралында апатқа ұшыраған әскери тікұшақтың алты экипаж мүшесі бар. Ол құтқару жұмыстарына қатысу үшін жіберіліп, сейсенбі күні Агусан-дель-Сур ауданында апатқа ұшырады. Бұл операцияға қатысқан төрт тікұшақтың бірі.

— Тікұшақпен байланыс үзілді, іздеу-құтқару операциясы дереу басталды, — деп мәлімдеді Филиппин әуе күштерінің баспасөз хатшысы.

Кейінірек Филиппин әуе күштерінің өкілі ұшқыш пен экипаж мүшелері болуы мүмкін деп болжанған алты адамның денесі табылғанын мәлімдеді.

Тайфун сейсенбі күні таңертең жағалауға жеткеннен кейін аздап әлсіреді, бірақ әлі де 130 км/сағ жылдамдықпен соғып тұр.

Ол аптаның ортасына дейін Висай аралдарына жетіп, кейін Оңтүстік Қытай теңізіне қарай жылжиды деп болжанды.

Себу тұрғындары су тасқынының ауыр зардаптарынан әлі ес жия алмай жатыр. Ұлттық апаттарды басқару агенттігінің мәліметі бойынша, апат салдарынан 400 мыңнан астам адам басқа жерге көшірілді.

Фейсбуктегі жазбасында Себу губернаторы Памела Барикватро апатты «бұрын-соңды болмаған апат» деп атады.

— Біз негізгі қауіп желде деп ойладық, бірақ шын мәнінде су тасқынынан қорықпаса болмайды екен. Су тасқыны өте ауыр, — деді ол.

Сейсенбі күні кешке Барикватро зардап шеккендерге көмек көрсетуді жеделдету үшін Себуде төтенше жағдай жариялады.

Жергілікті БАҚ-тыңң хабарлауынша, зардап шеккендердің көпшілігі суға батып кеткен. Тау етектерінен лайлы су ағып, қалалар мен ауылдарға тасып, жолындағының бәрін шайып кеткен.

Себу тұрғын аудандарындағы шығын көлемі өте жоғары деп бағаланды: көптеген шағын ғимараттар қирады, су тасқыны қайтқаннан кейін көшелерді қалың балшық қабатымен басып қалды. Құтқарушылар үйлерінде қамалып қалған адамдарға жету үшін қайықтарды пайдаланды.

Рагаса тайфуны Филиппинге осы жылдың қыркүйек айында да соққы берген болатын. Ол кезде де мыңдаған тұрғын эвакуацияланған.

Бұған дейін Вьетнамдағы «Матмо» тайфуны елге 330 млн доллардан астам шығын келтіргенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар