Филиппиннің экс-президенті Родриго Дутерте Гаагада қамауға алынды
АСТАНА.KAZINFORM — Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Филиппиннің бұрынғы президенті Родриго Дутертені оның билігі кезінде жүргізілген қатыгез есірткіге қарсы рейдтер үшін адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыппен қамауға алды, деп хабарлайды BBC.

Дутерте соңғы үш жылда Гаагаға жеткізілген алғашқы ықпалды саясаткер болды.
Родриго Дутерте 11 наурыз, сейсенбі күні Манила халықаралық әуежайына қонғаннан кейін полиция тарапынан Халықаралық қылмыстық соттың ордері бойынша тұтқындалды. Одан кейін ол Нидерландыға жеткізілді.
ХҚС шығарған қамауға алу ордерінде Дутерте президент ретінде «өлім эскадрондарын» құрып, қаржыландырып, қаруландырғаны айтылған. Бұл топтар есірткі сатушылар мен нашақорларды өлтірген.
Алдағы күндері Родриго Дутерте алғаш рет сот алдында жауап береді деп отыр. Осыдан кейін айыптарды растау тыңдауы өтеді, онда судьялар сот процесін бастау үшін айыптаушы тараптың жеткілікті дәлелдер ұсынған-ұсынбағанын шешеді.
Егер айыптар расталса, сот процесінің басталуына бірнеше ай, ал түпкілікті үкімнің шығуына бірнеше жыл кетуі мүмкін.
Осы уақыттың бәрінде ол Гаагадағы Схевенинген түрмесінде болады. Бұл тергеу изоляторы бұрын нацистік түрме болған. Қазір әрбір тұтқынға жеке камера, компьютерлерге қолжетімділік, кітапхана және спорт алаңдары ұсынылады. Дутерте дәл осы жерде өзінің 80 жылдық мерейтойын қарсы алады.
Родриго Дутерте кім?
Родриго Дутерте 2016-2022 жылдары Филиппин президенті болған. Бұған дейін ол Минданао аралындағы Давао қаласының мэрі ретінде жеті мерзім қызмет етіп, барлығы 22 жылдан астам уақыт билік басында болды.
Дутерте Филиппин президенті болып сайланғаннан кейін ең алдымен «есірткі қылмысына қарсы соғысы» арқылы есте қалды. Ол инаугурациясында-ақ есірткі сатушылар мен олардың серіктесі саналатын полицейлерді өлтіруге уәде берді. BBC-ге берген сұхбатында Давао мэрі болып тұрған кезінде үш есірткі сатушыны өзі атып өлтіргенін мойындаған.
Дутерте бастаған «есірткі қылмысына қарсы соғыс» Филиппинде мыңдаған соттан тыс өлім жазасына әкелді.
Ресми полиция мәліметтеріне сәйкес, есірткіге қарсы операциялар кезінде 6 200 күдікті өлтірілген. Amnesty International ұйымының деректері бойынша, Дутерте президенттігінің алғашқы алты айында полиция немесе белгісіз қарулы адамдар 7 000-нан астам адамды өлтірген. Human Rights Watch есептеуінше, Дутерте билік еткен алты жыл ішінде есірткіге қарсы рейдтер кезінде 12 000-нан астам адам қаза тапқан. Кейбір құқық қорғаушылар бұл сан он мыңдап есептелуі мүмкін дейді.
Айта кетелік Филиппиннің бұрынғы президенті Манила әуежайында ұсталғаны туралы жазған едік.