Фильмде қарапайым ауыл тұрғынының рөлін сомдаймын - Netflix фильміне түскен актриса

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық актерлер Netflix платформасының ҚарЛАГ туралы жаңа фильміне түсті. Түсірілім Испанияның Бильбао қаласында өткен. Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған Алтынай Нөгербек Халықаралық жобада жинаған тәжірибесімен бөлісті.

Netflix фильміне түскен актриса
Фото: Алтынай Нөгербектің Instagram парақшасынан

- Жалпы бұл жоба карантиннің алдында басталған болатын. Кейін әртүрлі себептермен тек 2024 жылы ғана жүзеге асты. Карантинге дейін кастинг болады деп естідік. Оған қатыстық, бірақ артынан ешқандай хабар болмады. Кейін кастинг қайта басталды. Алдымен фото сынақ жасадық, кейін бейне сынақ жібердік. Содан кейін олардан жауап күттік, - дейді актриса.

Фильм Қарағандыдағы Спасск лагеріне тұтқынға түскен испан ұшқыштары туралы болмақ.

- Бұл картина Қарағандыдағы Спасск лагері туралы. Онда көптеген елдерден келген адамдар жазасын өтеген. Солардың ішінде 524 испан ұшқышы да болған. Олар соғыс аяқталғаннан кейін ғана еліне оралған. Дегенмен, көбі қазақ жерінде көз жұмған. Бұл жоба – испан халқының өз тарихына деген құрметі және біздің елге деген алғысы ретінде ұйымдастырылды. Өйткені Қазақстан егемендік алғаннан кейін құжаттардың бәрін тұңғыш Президентіміз Испания еліне берген болатын. Сол құжаттардың арқасында көптеген испан азаматтары өз ата-бабалары туралы хабардар болды. Олардың ішінде күнделік жазбалар да көп болған, - дейді Алтынай Нөгербек.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері фильмдегі кейіпкерлердің образына да тоқталды.

- Біздің басты кейіпкеріміз – дәрігер. Ол соғысқа дейін дәрігер болып қызмет еткен, кейін ұшқыштардың қатарына қосылып, соғысқа қатысқан. Сценарийдегі сюжеттердің көп бөлігі сол дәрігердің күнделігінен алынған. Мен бұл фильмде қарапайым ауыл тұрғынының рөлін сомдаймын. Жазасын өтеп жатқан ұшқыштарға аналық мейірімімен, қарапайымдылығымен және қолда барымен көмектесіп жүрген әйелдің бейнесі берілген. Жоба туралы режиссермен тікелей сөйлескенде, Вивас «Анар – ол Отан» деген еді. Анар – ұшқыштар үшін туған жер, жанұя, жылы үй деген ұғымдардың символына айналған кейіпкер, - дейді ол.

Актриса халықаралық жобаның ерекшелігін баяндады.

- Бұл жоба мен үшін өте қызықты әрі пайдалы тәжірибе болды. Кино түсіру көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ менің байқағаным – бізде де дәл сондай талантты мамандар, актерлер, операторлар, суретшілер бар. Бұл туралы мақтанышпен, ауыз толтырып айтуға болады. Олар аз уақытта үлкен нәтижеге жұмыс істейді. Бірақ, бізде көбінесе қайта өңдеу деген нәрсе жиі болады. Яғни белгіленген уақыттан тыс та жұмыс істеп жатамыз. Ал бұл жобада ондай жағдай болған жоқ. Егер сахнаны түсіріп үлгермей жатса, ең алдымен бізге қатысты кастинг тобының қыз-жігіттері, продюсер, тіпті режиссердің өзі алдымыздан өтіп, кешірім сұрап, тағы біраз түсірілім жасауды өтінеді. Мен ол жерде ерекше бір құрметті байқадым. Адамды ең әуелі адам ретінде сыйлайды, содан кейін барып маман ретінде бағалайды. Мен ол жердегі танымал актерлердің жұлдыз болып жүргенін көрген жоқпын. Олар да біз сияқты кадрда 100 пайыз жұмыс істейді. Тіпті кадрда болмаса да, өз жұмысына толық берілген, - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Фильм күзде жарық көреді. Ал оған дейін Халықаралық фестивальдерге қатысады екен.

- Түсірілім екі кезеңге бөлінді. Ол күз және қыс мезгілдерін қамтып, төрт айға созылды. Фильмнің ұзақтығы – шамамен екі сағат. Бастапқыда түсірілімді Қарағандыда өткіземіз деген ой болған. Бірақ кейін түсірілім толықтай Испанияда өтті. Фильм күзде жарық көреді. Оған дейін халықаралық фестивальдерге қатысады. Алғашқы фестивалі қыркүйек айында, Сан-Себастьян деген өздерінің қаласында өтеді. Бұл жобаға түсірілім тобы өте мұқият дайындалды десем, артық айтқандық емес. Олар арнайы Қазақстанға келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, барлығын өз көздерімен көрді, - дейді студия қонағы.

Актриса түсірілім барысындағы өкінішімен де бөлісті.

- Сценарийдегі көптеген эпизодтар кадрға кірмей қалуы мүмкін. Мысалы, менің басты кейіпкермен қоштасатын сахнам кадрға кірмей қалды. Бұл менің кейіпкерім үшін өте өкінішті жағдай болды. Себебі өз кейіпкеріміздің образын жасау үшін біз бар жүрегімізді саламыз. Менің экрандағы ғұмырым өте қысқа болғанымен, осындай тарихи жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын, - дейді Алтынай Нөгербек.

Еске сала кетейік, Бақыт Қажыбаев Қытайдағы ШЫҰ елдері кинофестивалінде «Үздік актер» жүлдесін иеленді.

 

Соңғы жаңалықтар