Финалда Қазақстан құрамасына лайықты қарсылас бола алмадық – Шигеки Хитосато

ХАРБИН. KAZINFORM – Хоккейден Жапония ерлер құрамасының шабуылшысы Шигеки Хитосато Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, қысқы Азиаданың финалында Қазақстан құрамасымен болған ойын туралы айтты. 

Финалда Қазақстан құрамасына лайықты қарсылас бола алмадық – Шигеки Хитосато
Фото: Kazinform

Ол бұл кездесуде қарсылас командаға лайықты қарсылық көрсете алмағанына өкінішін білдірді. 

– Тартысқа толы ойын болады деп топшылағанмын. Дегенмен олай болмай шықты. Кездесу Қазақстанның айқын басымдылығымен өтті. Қарсыластарымыз бізге еш мүмкіндік бермеді. Финалда Қазақстан құрамасына лайықты қарсылас бола алмадық. Алайда, қайта ойнау мүмкіндігі болса, бұдан жақсы ойнауға тырысар едік, - деді Хитосато. 

Жапония ойыншысы
Фото: idahostatejournal.com

Хитосато Қазақстан қысқы Азия ойындарына мықты құраммен келгенін атап өтті.

– Қазақстан – мықты команда. Олар қысқы Азиадаға үздік ойыншыларымен келді. Арасында Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ойнайтын бірнеше спортшысы бар, - деді жапониялық хоккейші.

Шигеки Хитосато сөз арасында қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатыса алмағанын, жабылу салтанатында төбе көрсетуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан ерелер құрамасы қысқы Азия ойындарында топтық кезеңді қоса алғанда барлық қарысыласын жеңіп, чемпион болды.

Сондай-ақ жартылай финалда Қазақстаннан жеңілген хоккейден Қытай ерлер құрамасының капитаны Чжан Цзяци Kazinofrm тілшісіне берген сұхбатында қазақстандықтардан көп нәрсе үйренгенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар