Финалдық жекпе-жек қиынырақ болды – әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бар күшімізді салып, бірінші орын алдық. Қазақ елі қуанды деп ойлаймын, өзім де қатты қуанып тұрмын. Бұл әлем чемпионаты қатысушылар саны ең көп тіркелген сайыс болып саналады. Әр кездесудің өзіндік қиыншылығы бар. Мен үшін финалдық жекпе-жек қиынырақ болды», - деді әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов.
Ол сонымен қатар көп талқылауға түскен Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді.
«Жалпы сайыс әділ өтті. Дегенмен Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегінің қорытындысы күмәнді деп айтуға болады. Менің көзқарасым бойынша Сәкен ұтып тұрған сияқты. Ал төрешілер басқа шешім шығарды. Біз төрешілерге қарсы шыға алмаймыз», - деп пікір қосты боксшы БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, Сәкен Бибосынов аталған чемпионаттағы алғашқы кездесуінде төрешілер шешімімен жеңіліп қалған еді.
Кейін Қазақстан бокс федерациясы Сәкен Бибосынов жекпе-жегіне қатысты Халықаралық бокс федерациясының басшылығына шағым жолдады.
Қоса кетсек бүгін жеңімпаздардың алғашқы легі елге оралды. Чемпиондардың екінші тобы – Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай Астана уақытымен сағат 16:00-де елордаға қонады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатын 4 алтын, 1 күміс медальмен аяқтады. Спортшыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.