Финдік аспиранттар Қазақстан туралы кітап жазуда
деп хабарлады университеттің баспасөз қызметінен.
Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық, деп шешкен финляндиялық аспиранттар Қазақстанға келіп отыр. Профессор Арто Луукканен бастаған финдік жас ғалымдар қыркүйектің 1-інде Еуразия ұлттық университетінде болып, өз әріптестерімен кездесті.
Кездесу барысында, Хельсинкиден келген аспиранттардың Қазақстан туралы кітап жазып жатқаны айтылды. Олар отандастарына біздің еліміз, мәдениетіміз, экономика мен саясатымыз туралы әңгімелеп бермек. Бір сөзбен айтқанда, олар отандастарын біздің еліміздің бүгінгі өмірі туралы кеңінен таныстырмақ. Кітап фин тілінде басып шығарылатын болады және ол тәуелсіз Қазақстанмен танысқысы келетін барша адамға пайдалы басылым болмақ.
«Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Аида Сағынтаева финдік қонақтарға аталмыш жобаны бірлесіп жүргізуді ұсынды. Оның пікірінше, кітапта көрініс тапқалы отырған бағыттар бойынша зерттеу жүргізіп жатқан Еуразия ұлттық университетінің докторанттары шетелдік қонақтарға көмектесе алады», - делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.