Финляндияда туу көрсеткіші 250 жылдағы ең төмен деңгейге түсті
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы Финляндияда бала туу көрсеткіші бәсеңдеп, соңғы 250 жылдың ең төменгі деңгейіне жетті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Агенттік мәліметіне қарағанда, өткен жылы елде 43 720 бала дүниеге келген.
Финляндияның Халық федерациясының зерттеушісі Катерина Головинаның айтуынша, негізгі себептерге бала тууды кейінге қалдыру, бедеулік деңгейінің өсуі және психоәлеуметтік кедергілер жатады. Адамдар болашаққа сенімсіздік, экономикалық дағдарыстар, соғыстар және климаттық қауіп-қатерлерге байланысты бала тууын кейінге қалдырады. Сонымен қатар, жеке құндылықтар мен қалыптасқан өмір салтын жоғалтуға деген қорқыныш та әсер етеді.
Ғалымдардың пікірінше, психикалық денсаулық мәселелері де отбасы құру мүмкіндігін төмендетеді. Депрессиясы бар адамдарға серіктес табу және бала туу қиынырақ болады. Білім деңгейі төмен ер адамдар көп жағдайда ұрпақсыз қалып жатса, жоғары білімді әйелдер керісінше баланы жиі туады.
Хельсинки университетінің зерттеушілері денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік сала мамандықтары отбасылық өмірмен жақсы үйлесетінін атап өтті. Өнер, гуманитарлық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, инженерия және төмен білікті IT салаларында адамдардың бала туу деңгейі төменірек көрінеді. Бұл жұмыстың тұрақсыз болуы мен аз табысқа байланысты деседі.
Сарапшылар ақшалай төлемдердің тек қысқа мерзімді әсері барын айтады. Ең маңызды шаралар ретінде балабақшаның қолжетімділігі, икемді жұмыс шарттары және психикалық денсаулықты қолдаудың кеңеюі саналады.
Ғалымдар бұл үрдіс жалғаса берсе, Финляндияда еңбек ресурстарының азаюы, салық түсімдерінің төмендеуі және зейнетақы жүйесіне қысымның күшейетінін ескертеді.
Бұдан бұрын Финляндия сегізінші жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел болып танылғанын жазғанбыз. Тиісті тізімде Дания екінші, Исландия үшінші орынға жайғасты