16:34, 09 Қазан 2013 | GMT +5
Фирдоусидің «Шахнамесі» Қазақстанға жеткізілді
АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі, парсы-тәжік ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» дастаны Қазақстанға жеткізілді. Осыған орай, бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада аталған шығарманың таныстырылымы болды.

Бүгінде «Шахнаменің» қыпшақ тіліндегі түпнұсқасы тәжік елінде сақталған. Ал оның көшірмесін Қазақстанға белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев алып келді. «Кезінде бүкіл Дешті-қыпшақ даласының қыпшақ тілінде сөйлегені белгілі. Шыңғыс ханның билігі кезінде де бұл тіл өз маңыздылығын жоймаған. Бүгінгі армян, грузин сияқты ұлттардың әліппесі қыпшақ тілінің негізінде құрылды. Оны бәрі біледі. Сондықтан Фирдоусидің «Шахнамесі» біздің тарихымыз үшін де құнды жәдігерлердің бірі болып саналады», - дейді Р.Сейсенбаев. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға жеткізілген «Шахнаме» дастаны Ұлыбританияда жаңартылып, 500 дана болып Түркия елінде басылды. Оны еліміздің барлық ұлттық кітапханалары мен жоғары оқу орындарына тарату жоспарланып отыр.