11:26, 02 Сәуір 2017 | GMT +5
Фируза Шәріпованың WBC белбеуі үшін жекпе-жегі Астанада өтуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат -Фируза Шәріпова WBC әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жегін Астанада өткізуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фируза Шәріпова кәсіпқой бокспен айналысып жүрген қазақстандық тұңғыш қыз. Ол WBC әлем чемпионы белбеуі үшін айқасын шілде айында өз елінде өткізуі мүмкін. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне оның менеджері Сергей Завилейский мәлім етті.
Завилейскийдің сөзіне қарағанда, жекпе-жек Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтпек. Отандасымыздың қарсыласы осыған дейін жеңіліп көрмеген фин боксшысы Ева Вальстрем болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, Фируза Шәріпова соңғы жекпе-жекте 4 наурыз күні Юлия Чернобородовамен жұдырықтасып, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жеткен болатын.
Осыған дейін тағы бір отандасымыз - Қанат Ислам Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде әлем чемпионы белбеуі үшін айқасатынын жазған болатынбыз.