«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының құрылғанына 30 жыл толды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — отандық ғылым мен фармацевтика саласының көшбасшысы — «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының құрылғанына 30 жыл болды. Кәсіпорын ұжымын мерейтойымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады. Бұл туралы ҚР Ғылым және білім министрілігі мәлім етті.

1990 жылдарда табиғи қосылыстар химиясы зертханасы болған кәсіпорын осы жылдар ішінде елдің стратегиялық объектісіне айналды.

— «Фитохимия» орталығының жарқын жетістіктері қатарында әлемнің 11 елінде патентпен қорғалған «Арглабин», «Салсоколлин», «Саусалин», «Экдифит», «Экдисоп», «Аяфрол» және басқа да бірегей дәрілік препараттар жатады. Орталықтың ірі әрі табысты жобасы 70-тен астам отандық дәрілік препараттарды шығаратын Қарағанды фармацевтикалық зауытын салу және пайдалануға беру болды, — деп хабарлады ведомстводан.
Орталықтың қалыптасу жылдарында әлемде танылған ғылыми мектеп құрылды, оның қызметкерлері 17 докторлық және 60-тан астам кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады, 20 PhD докторы және 30-дан астам магистрлер дайындалды.

— Әлемнің 17 елінің 150-ден астам белгілі шетелдік ғалымдарын біріктіретін Дәрілік заттар химиясы жөніндегі халықаралық орталықтың «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығында орналасуы кәсіпорынның табиғи қосылыстар фитохимиясы мен фармакологиясы саласындағы жетістік, — делінген хабарламада.
«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы отандық фармацевтикалық өндіріске инвестициялар тартып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыруға үлкен үлес қосып келеді, жаңа дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру және оларды клиникада қолдану бойынша бизнес-серіктестермен лицензиялық келісімдер жасап жатыр.

«Фитохимия» ҒӨО» АҚ мен Pannon Pharma LTD (Венгрия) компаниясы арасында өсімдік заттары негізінде бірегей дәрілік препараттардың бірлескен өндірісін ұйымдастыру бойынша өзара түсіністік және Қазақстан Республикасына инвестициялар салу туралы Меморандум жасалды, бұл бірегей қазақстандық препараттарды Еуропаға шығаруға мүмкіндік береді. «Shanghai Zenith Biotech Co.Ltd» компаниясымен (ҚХР, Шанхай қ.) қазақстандық өсімдік шикізатынан алынған биологиялық белсенді қосылыстар негізінде субстанция өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорынды ұйымдастыру туралы келісім жасалды.

«Фитохимия» орталығы Қарағанды фармацевтикалық кешенінің 2-кезегін салу үшін Ұлттық инновациялық қордан, ал ҚФК-ның 3-кезегі үшін ресейлік «Фармстандарт» фармацевтикалық компаниясынан инвестиция тартты.
Қазіргі уақытта «Фитохимия» орталығы — фармацевтика саласында инновациялық жобаларды іске асырудың негізгі кәсіпорны.
Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 18 пайызға артты.