2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 18 пайызға артты
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі фармацевтикалық өнеркәсібі саламсында 207 өндіруші тіркелген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министр Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
«Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі 207 өндірушіні қамтиды, оның 43-і дәрілік заттарды өндіреді. 2024 жылы отандық фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 124,8 млрд теңгеге дейін ұлғайып, өсім 18% құрады (2023 жылы – 105,7 млрд теңге). Мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді қолдау мақсатында 2024 жылы 47 ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша фармацевтикалық өнімнің 702 түрі сатып алынды. Осы жұмысты одан әрі жалғастыру мақсатында 2025 жылы 79 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалмақ, өндіріс көлемін үш есе ұлғайту жоспарланған», - деді А. Әлназарова.
Оның атуынша, шетелдік алпауыт (BIGPHARMA) фармацевтикалық компанияларымен өндіріс бойынша инвестициялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылдан бастап импортты алмастыру жұмыстарын жалғастыру аясында инвестициялық штабқа мемлекеттік қолдау шараларының ерекше талабы бар арнайы инвестициялық келісімшарттардың тізбесі ұсынылады.
«Биыл Бірыңғай дистрибьютордың («СК-Фармация») 2025 жылға арналған сатып алу науқанының мерзімінен 2 ай бұрын басталуына орай, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін «СК-Фармация» қоймаларына дәрілік заттардың жеткізілуі қамтамасыз етіледі. Амбулаториялық дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында, 2025 жылдан бастап халықаралық тәжірибелер негізінде пациентке бағдарланған және дербестендірілген тәсілді көздейтін тізімді қалыптастыру әдістемесіне өзгерістер енгізу жоспарланған. Ауруханалық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету процестерінің қауіпсіздігі мен сапасын ұтымды пайдалану үшін госпитальды фармация бөлімшелері ашылып жатыр. Олардың негізгі міндеті - дәрілік заттардың дербестендірілген есебін жүргізу. Бұл медициналық ұйымдарда дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаражаттың 30 пайызына дейін үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді А. Әлназарова.
Оның айтуынша, Астана қаласының «№ 2 қалалық көпсалалы ауруханасында» госпитальды фармация бөлімшесі ашылып, жүргізілген жұмысының нәтижесінде 2024 жылы 456 млн теңге үнемделді. Осы жылдың соңына дейін 75 госпитальды фармация бөлімшелерінің ашылуы жоспарланса, 2026 жылдың соңына дейін олардың саны 291 жетеді.
«Дәрілік заттарды ашық пайдалану үшін биылғы жылы «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрілік заттарды электронды түрде беру бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жобаға 713-ден астам медициналық ұйым қатысып отыр, яғни амбулаторлық дәрілік заттармен қамтамасыз ететін барлық ұйымдардың 91% қосылды. Қазіргі кезде осы жоба арқылы 233 мыңнан астам рецепт ұсынылды, яғни әрбір төртінші рецепт осы қызмет арқылы беріледі», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері нарыққа 145 дәрілік затты өткізуге рұқсат берілмеді.