Флорида жағалауында 300 жыл бұрын батып кеткен қазына табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Атлант мұхитының Флорида жағалауында қазына іздеушілер алтын мен күміс теңгелерді тапты. Олар 1715 жылы Испанияға қазына тиеп шыққан кемелермен бірге суға кеткен, деп хабарлайды Euronews.

Батып кеткен кемелерді көтерумен айналысатын компанияның сүңгуірлер тобы 1 миллион долларлық қазынаға тең алтын-күміс монеталар мен сирек артефактілерді анықтады.
Алтын-күміс тиындар мен өзге де жәдігерлер 1715 жылдың 31 шілдесінде басқа да кемелермен бірге апатқа ұшыраған испан галеонының бортында болған.

Флотилия Жаңа дүниеден Испанияға колонияларда өндірілген алтын, күміс пен асыл тастарды алып бара жатқан. Алайда жойқын дауыл кемелерді суға батырып, жүздеген теңізшінің өмірін қиды, ал Испания қазынасы мұхит түбіне кеткен.
Айта кетерлігі, табылған монеталар жақсы сақталған: олардың көпшілігінде соғылған жылы мен теңге сарайының таңбалары айқын көрінеді.
Бұл жаңалық өткен жазда шыққанымен, 1715 Fleet — Queens Jewels LLC компаниясы оны осы аптада ресми түрде жария етті.
Айта кетелік Ақмола облысында балықшының қармағына «тарихи артефакт» ілінгені туралы жазған едік.