Флоридада Трамп пен Зеленскийдің кездесуі өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні Флорида штатына АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін келді. Кездесудің басты мақсаты — Ресеймен қақтығысты тоқтату жөніндегі жоспарды талқылау, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясында бір-бірімен амандасқаннан кейін, келіссөз басталмас бұрын журналистердің сұрағына жауап берді.
Трамп «келісім жасауға алғышарт бар» екенін айтып, Ресей де, Украина да берік әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға өте байыпты түрде ниетті екенін мәлімдеді.
Ал Зеленский бүгінгі кездесу 20 тармақтан тұратын жоспарды ілгерілетуге арналғанын айтып, оның аясында аумақтық ымыралар жасау мүмкіндігі де талқыланатынын жеткізді.
Кездесуден кейін екі лидер еуропа елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлеседі деп жоспарланған. Сонымен қатар Трамп келіссөздерді жалғастыру үшін Ресей президенті Владимир Путинге де қоңырау шалатынын айтты.
Журналистерге Мар-а-Лаго резиденциясында өтіп жатқан екіжақты кездесу залына қысқа уақытқа кіруге рұқсат берілді.
Бұл кездесу Трамп өткен айда алғаш рет ұсынған 28 тармақтан тұратын бастапқы бейбітшілік жоспарының олқылықтарын жоюды көздейді. Кейін Украина бұл құжатты қайта қарап, оны 20 тармаққа дейін қысқартқан. Қазіргі таңда америкалық өкілдер Украина мен Ресейдің екеуіне де қолайлы болатын бейбіт келісімді әзірлеу бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Еуроодақ елдерінің көшбасшылары мен Зеленский Трамппен кездесудің алдында бейнебайланыс арқылы келіссөз өткізгені хабарланған болатын.
Сондай-ақ Трамп Зеленскиймен кездесер алдында Ресей президенті Владимир Путинмен де телефон арқылы тілдесті.