FlyArystan басшысы Оралда егіздердің анасы Жазира Мусинамен кездесті 

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін FlyArystan басшысы Оралда егіздердің анасы Жазира Мусинамен кездесті. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Егіздердің анасы
Фото: Informburo.kz

«FlyArystan әуекомпаниясының басшысы Ричард Леджер 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген 12 жасар қыз Зере Галиеваның анасымен кездесу үшін арнайы Орал қаласына ұшып келді. Тараптар болған жағдайдың себептерін егжей-тегжейлі талқылады. FlyArystan әуекомпаниясының ресми өкілі қыздың отбасынан кешірім сұрады. Кездесуде Көлік министрлігінің қызметкерлері де болды. Әуекомпания кездесу нәтижесімен және қабылдаған шешімдерімен алдағы уақытта бөліседі», — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Орал қаласының қос тұрғыны, егіздер – Зәуре мен Зере Америкадағы тіл мектебінен Астана арқылы кері ұшып шыққанын, елордаға аман жеткен қос жасөспірімнің бірі Астана - Орал бағытында ұшқан «FlyArystan» әуекомпаниясының ұшағынан қалып қойғанын жазған болатынбыз.

Бұл оқиғаны естіген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті FlyArystan ұшағына жіберілмей, әуежайда жалғыз қалған 12 жасар қыздың анасына хабарласып, қажетті психологиялық көмек ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар