FlyArystan салғырттығынан ұшпай қалған жасөспірімге психологиялық көмек ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті FlyArystan ұшағына жіберілмей, әуежайда жалғыз қалған 12 жасар қыздың анасына хабарласып, қажетті психологиялық көмек ұсынды.

«Бала құқығын бұзатын жағдайларға жол берілмейді. Бұл жағдай баланың қауіпсіздігі мен құқығын бұзудың көрінісі. Балалардың қауіпсіздігі басымдыққа ие болуы тиіс. Әуе компаниясы алдымен рейске тіркелген балаларға қамқорлық танытуы керек еді», - делінген комитет таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, комитет осы секілді жағдайлардың алдын алу мақсатында FlyArystan әуе компаниясына және Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне тиісті шаралар қабылдауды талап ете отырып, ресми хат жолдаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, FlyArystan компаниясы елордада егіздің сыңарын әуежайда қалдырып кеткен.
Орал қаласының қос тұрғыны, егіздер – Зәуре мен Зере Америкадағы тіл мектебінен Астана арқылы кері ұшып шыққан. Елордаға аман жеткен қос жасөспірімнің бірі Астана - Орал бағытында ұшқан «FlyArystan» әуе компаниясының ұшағынан қалып қойған. Бұл туралы егіздердің анасы Жазира Мусина жеке әлеуметтік парақшасына жазды.