Флюорография мен скринингтен өтуге шақыру смартфондарға жіберіледі
Оның айтуынша, қазір аталған қосымшаның арқасында скринингтен өтуге шақыру адамдардың ұялы телефондарына келеді. Дәрігерлер мұндай хабарламаларға селқос қарамауға шақырады.
Профилактикалық тексерудің арқасында адамдар өміріне қауіп тудыратын сырқатты бастапқы кезеңде анықтауға болады.
«Скринингке белгілі бір жастағы дені сау адамдар шақырылады. Жас категориясын ҚР ДСМ бекітеді. Бұл өте өзекті мәселе. Себебі биылдың өзінде біздің медициналық ұйымда 5 440 адам скринингке шақырылды. Оның ішінде 11 әйелде жаңадан басталып келе жатқан қатерлі ісік бар екені анықталды. Екі әйелде - сүт безі қатерлі ісігі, 9 әйелде жатыр мойны ісігі анықталды. Сонымен қатар скрининг арқылы жүрек қан тамырлары, артериалды гипертензия, қант диабеті, глаукома мен ішек қатерлі ісігі ауруларын анықтауға болады», - деді №11 қалалық емхананың бас дәрігерінің емдеу профилактика ісі бойынша орынбасары Айнаш Амурқазинова.
Аталған емхананың өзінде ғана 2018 жылы 5440 адамның 387-сінде артериалды гипертензия, 39-ында қант диабеті, 16-сында глаукома анықталды. Сондай-ақ 172 әйелде жатыр мойны ісігіне алып келетін, 1291 әйелде омырау қатерлі ісігіне бастайтын алғашқы белгілер болды. 18 адамның ішегінен түйнеме табылды. Бұл белгілерді емдемесе қатерлі ісікке алып келеді.
«Әлбетте, бұлардың барлығы әлеуметтік маңызды ауруларға жатады. Оларды бастапқы кезеңде анықтаған дұрыс. Бұрын адамдар осы скринингке немқұрайды қарайтын. Қазір халықтың түсінігі артып келеді. 2017 жылы 4806 адам скринингтен өтті. Оның ішінен 340 адамда артериалды гипертензия, 38 адамнан қант диабеті, 16 адамнан глаукома анықталды. Адамдар бұл сырқаттармен ауыратынын білмеген. Осы шаралардың арқасында әйелдердің өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Былтыр 1231 адам өзінің денсаулығын сақтап қалды», - деді №11 емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Жигагүл Сұлтанова.
Дәрігерлер қант диабеті, гипертония және ишемиялық ауруларды анықтау үшін адамның бойын, салмағын, белінің өлшемін алады. Сонымен қатар, артериялық қысым өлшеніп, шұғыл қан талдауы жасалады.
Мұндай тексерілуден 30-40 жас аралығындағы кез келген адам өтуі тиіс. Қажеттілік болған жағдайда дәрігер электрокардиографияға, кардиолог пен эндокринолог қарауына жібереді. Ал глаукома дертін анықтау үшін көз ішінің қысымы өлшенеді.
Мұндай хабарламалар адам скринингке келгенше смартфонға түсе береді. Сонымен қатар гаджет адамға флюорографияға түсу керектігін де ескертіп отырады.
Айта кету керек, Алматыда цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп отыр. Биыл Алматы бұл бағытта әлемдік рейтингте 25-орынға табан тіреді.
Бүгінде Алматы халқының 90 пайызында электрондық денсаулық паспорты бар.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Ербол Дархамбаевтың айтуынша, қаладағы 40 медициналық мекемеде пациенттерге цифрлық көмек көрсету посттары ашылған. Көрмей-білмей жатқан адамдарға сол жазбадағы мамандар барлық жеңілдіктерді түсіндіреді. Бүгінде Алматыда мобильді қосымшаларды 560 070 пайдаланушы қолданады. Бұл шамамен 20-60 жас аралығындағы интернетті белсенді пайдаланатын азаматтардың 53% қамтиды. Жыл соңына дейін қолданушылардың санын 600 мыңға жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, қазір кез-келген алматылық мобильді онлайн қосымшаларды, Egov порталы, жеке кабинеттерді пайдалана отырып дәрігерге жазылып, қан және басқа да талдаулардың нәтижесін білуге, ем шаралары туралы толық ақпарат біле алады. Бүгінде Алматыда 1 676 437 электронды денсаулық паспорты ашылған. Яғни, тіркелген азаматтардың 90 пайызына жуығы электронды паспортқа ие. Сонымен қатар, Алматыға қатысты айтып өтер жетістіктердің бірі ретінде ҚР ДСМ мен IBM компаниясы арасындағы меморандумды атауға болады. Қазақ Онкология және Радиология ҒЗИ базасында пилотты жоба енгізіліп жатыр. Алматыда қазір 72 мекемеде «қағазсыз аурухана» пилоттық бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мекемелер аталған форматқа 100 пайыз көшеді.