FOMO: Жастар арасында жаңа синдром пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі бес жылда әлеуметтік желілердің адам психикасына ықпалы өзекті тақырыпқа айналып келеді. Мәселен, былтыр жүргізілген 114 зерттеудің нәтижесінде зерттеулердің 78,6%-ы әлеуметтік желінің шамадан тыс қолданылуы депрессия, мазасыздық, эмоционалдық шаршау және өз-өзін төмен бағалаумен тікелей байланысты екенін анықтаған.
– Әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану ауытқуларға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Қазіргі таңда FOMO (Fear of Missing Out) — тыс қалу, кешігіп қалу, трендтен қалып қою қорқынышы кәдімгі синдромға айналып келе жатыр. Қазіргі кезде психологтер басқа аурулар секілді науқастарды емдеп жүр. Бұл жастар арасында белең алып отыр.
Мәселен, өз елімізді айтар болсақ, «айына млн табу керек», «20-дан асқанда пәтерің болуы керек», «әке-шешеңді қажылыққа жіберу керек», «өз кәсібіңді ашу керек» деген секілді нәрселер адамдарға мазасыздық тудырады. Ол ұйқының бұзылуы, шаршау, энергияның болмауы, өз ішіндегі баланстың бұзылуына себеп болады, - дейді психолог Саманта Болатқызы.
Маман әлеуметтік желіні пайдалану ұзақтығы жас ерекшеліктеріне қарай белгіленетінін айтады.
— Мәселен, кішкентай балаға 1–1,5 сағаттан артық қолдануға болмайды. Оған қоса, ол баланың көріп отырған контенттерін де бақылап отыру керек. 11–15 жас аралығындағы балалар — психикасы қалыптасып келе жатқан кезең. Бұл уақытта телефонды шамадан тыс қолдану да едәуір кері әсер етеді, - дейді ол.
Психолог әлеуметтік желіге тәуелділіктен арылудың жолдарын түсіндірді.
— Әлеуметтік желіге тәуелділіктен арылу үшін ең алдымен адам өз-өзін басқара алу керек. Қазір балаларға шектеу қояйық десек, ата-аналардың бәрі «мектеп бағдарламасындағы тапсырмалар телефонға байланысты» деген уәждерін айтып жатады. Бірақ оған нақты ережелер орнатылу керек. Мәселен, сенбі-жексенбі күндері телефон қарауға тыйым салу секілді. Жалпы, бала ұйықтардан 2 сағат бұрын телефон қарауды доғару керек. Неге? Ми жұмысын бәсеңдетіп, ұйқыға дайындалу керек. Дәл осы нәрсеге ата-аналар баса мән беруі қажет. Балалардың қолынан 20:00-де телефонды алу керек. Ол кәдімгі ереже болып орнауы қажет. Тек баладан емес, өзімізден де телефонды шектеуіміз керек. Әрине, бастапқыда тәуелділікке шалдыққан адамдардың әрекетін көруге болады. Оларда стресс, агрессия пайда болады. Бірақ мұның бәріне сәл сабырмен қарау керек. Балаға телефоннан басқа альтернатива беру керек. 2 апта шыдасаңыз, бұл қалыптасқан үрдіс болып кетеді, - дейді спикер.
Айта кетейік, психолог маман Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесін пышақтаған оқушы туралы пікір білдірді.