Forbes тізіміне енген 17 жастағы аспаз табыс құпиясын ашты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жас аспаз Дулат Тантаев 14 жасында YouTube-тың алтын батырмасын иеленіп, 17 жасында Forbes Kazakhstan журналының «30-ға дейінгі 30» рейтингіне енді. Ол алты жылда YouTube арқылы 33 мың долларға жуық табыс тапқан. Халықаралық аспаздар күніне орай Kazinform тілшісі «Юный Повардың» жетістік сырын білді.

аспаз
Фото: видеодан скрин

– Аспаздыққа қызығушылығыңыз қалай басталды? Кәсіби аспаз болуға кім шабыт берді?

– Мен Алматыда туып-өстім. Үш ағам бар, отбасындағы кенжесімін. Аспаздыққа 11 жасымда қызыға бастадым. Маған түркиялық аспаздар Бурак Өздемир мен Нусрет Гөкче шабыт берді. Олардың жұмысын Instagram желісінен жиі бақылаймын. «Рататуй» мультфильмі де қызығушылығымды оятты.

Алғаш дайындаған тағамым – қарапайым жұмыртқа. Ал түсірген алғашқы бейнеролигім «Наполеон» тортының рецептіне арналды. Дамуыма ағам Диас дем берді.

 

– Таңдауыңызға әлеуметтік көзқарас кедергі болған жоқ па? Қоғамда ас әзірлеуді әлі де әйелдің міндеті санайтындар бар...

– Бұл – ескірген түсінік. Тамақ пісіру – әр адамға қажет дағды. Мен үшін ас әзірлеу – шығармашылық, одан ләззат аламын.

Құрдастарымнан, тіпті менен кіші балалардан да жиі хабарлама аламын. Олар рецепттерім бойынша тағам дайындап көргенін немесе менің видеоларымнан кейін блог жүргізуге қызыққанын жазады. Бұл мені қуантады.

– Қазір ерекше тағамдар мен ауқымды ас әзірлеуге басымдық бересіз. Контент бағытын өзгертуге не себеп болды?

– Аудитория өскен сайын басқа фуд-блогерлерден ерекшеленіп, өз қолтаңбамды қалыптастырғым келді. Сондықтан ерекше тағамдар әзірлеп, оларды әсерлі ұсынуға тырысамын. Кейде өте үлкен көлемде ас дайындаймын. Мұндай видеолар көрермендерге қызық.

Сонымен қатар ата-анама арнап дастарқан жайғанды жақсы көремін. Жақындарыңа қамқор болып, оларды қуанту керегін көрсеткім келеді. Мен үшін отбасылық құндылықтарды насихаттау  маңызды.

Дулат Тантаев
Фото: видеодан скрин

– Әлеуметтік желідегі танымалдықты кәсіби аспаздықпен қалай ұштастырып жүрсіз? Болашақта шеф-аспаз болу үшін қандай қадам жасамақсыз?

– Бұл – менің үлкен арманым. Жақында Narxoz университетіне «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» мамандығына оқуға түстім. Мейрамхана бизнесінің ішкі құрылымын түсініп, осы салада сапалы білім алғым келеді.

Алдағы жоспарым – тәжірибелі ресторатордың қасында жүріп, одан тәжірибе жинақтау. Команданы қалай басқаратынын, шешімдерді қалай қабылдайтынын, қиындықтарды қалай шешетінін көргім келеді. Нақты тәжірибе жинау жеке жобамды ашуға көмектеседі. Болашақта өз мейрамханамды ашуды жоспарлап отырмын.

аспаз
Фото: видеодан скрин

– Қазақ асханасын шетелдік аудиторияға таныстыру мүмкіндігі болса, қандай үш тағамды таңдар едіңіз?

– Бірінші кезекте бесбармақты ұсынар едім. Оны үлкен көлемде дайындап, етті қайнатудан бастап, тұздық әзірлеу мен қамыр жаюға дейінгі процесті көрсеткім келеді.

Екінші тағам – бауырсақ. Оны үлпілдек, қызарған күйінде пісіріп, ыстықтай үй қаймағымен ұсынар едім. Үшіншісі – қой етінен жасалған сірне.

– YouTube арнаңыз алғашқы үш жылда табыс әкелмеген. Соған қарамастан, жұмысты жалғастыруға не күш берді?

– 11 жасымда монетизация туралы ойлаған жоқпын. Мыңдаған адамның рецептім бойынша тағам дайындап, жылы пікір жазғаны мен үшін үлкен қуаныш еді. Бұл іске қызығушылықпен, шығармашылық үшін кірістім.

Алғашқы табыс түсе бастағанда, блогтың жауапкершілігі де артты. Хоббиімнің бизнеске айналғанын түсіндім. Ағам екеуіміз тапқан ақшаны бірден жобаны дамытуға жұмсадық. Пәтер сатып алып, арманымыздағы асүйді жабдықтадық, жарық пен ыдыс-аяқ алдық. Сапалы контент түсіру үшін азық-түлікке де көбірек қаражат бөле бастадық. Осылайша, табыс идеяларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

– Қазір арнаңызда 4 миллионнан астам жазылушы, видеоларыңызда 2,5 миллиардтан астам қаралым бар. Қандай видеолар аудиторияны көбірек қызықтырады?

– Көрермендерге шоу элементтері бар, ерекше тағамдар әзірленетін видеолар ұнайды. Мысалы, жілік майынан тағам дайындау, көп мөлшерде манты пісіру немесе қамырдан жеуге болатын ыдыс жасап, оған дайын асты салып ұсыну көп қаралым жинады.

Көрерменнің назарын тағамның ауқымы мен ерекше ұсынылуы арқылы аударамын. Сонымен бірге  жаңа аспаздық әдістерді меңгеруге тырысамын.

– Блог жүргізуді бастау үшін алғашқы телефоныңызға ақша жинап, трайфл, торт пен капкейк сатқан екенсіз. Бұл тәжірибе сізге не үйретті?

– Арманға жету үшін еңбектену керек екенін үйретті. Түсірілімге телефон қажет болғанда, өз қолыммен десерттер жасап сатып, алғашқы iPhone телефоныма ақша жинадым.

Сол кезде-ақ мақсатқа жету үшін ғажайыпты күтпей, әрекет ету керегін түсіндім. Қазір де осы ұстанымды басшылыққа аламын.

– Әлеуметтік желі арқылы танылып, табыс тапқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, қолда бар мүмкіндіктен бастаңыздар. Қымбат камераны немесе қолайлы сәтті күтудің қажеті жоқ. Екіншіден, өз ерекшеліктеріңізді табыңыздар. Фуд-блогерлер көп, сондықтан көрерменді немен таңғалдыра алатыныңызды ойлаңыздар. Үшіншіден, еңбекқор әрі шыдамды болыңыздар. Тағам әзірлеу процесін түсіру оңай емес, сондықтан нәтижеге жету үшін тұрақты жұмыс қажет.

Еске салайық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше сұранысқа ие мамандықтардың тізімін ұсынды. Оның қатарында аспаз көш басында тұр.