Формаға қатысты бұған дейінгі сын-ескертпелерді ескердік – Диас Ахметшәріп
АСТАНА. KAZINFORM – Санаулы күндерден соң Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасы басталады. Бүгін елордада спортшыларды шығарып салу салтанатты шарасы өтті. Осы орайда Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріпті әңгімеге тартқан болатынбыз.
— Қысқы жасөспірімдер олимпиадасынан қандай үміт күтеміз? Спортшылардың дайындығы қандай?
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Азия ойындарының кейін барлық спорт түрі бойынша штаб құрылды. Оның ішінде қысқы спорт және Канвон-2024 жасөспірімдер олимпиадасына арналған штаб та бар.
Өкінішке қарай, бұған дейін Лозаннада өткен қысқы жасөспірімдер олимпиадасында жүлде бұйырмады. Бұл жолы барлық спортшы жеңіске дайын. Атап айтқанда, шорт-трек пен конькимен жүгіру спортынан үміт зор. Жалпы команда олимаиадаға лайықты дайындалды. Спортшыларымыз жүлдесіз оралмайды деп ойлаймын. Штаб жұмысы аясында спортшылар министрмен және Қазақстандағы Оңтүстік Кореяның елшісімен кездесті.
— Жасөспірімдер ел намысын қорғауға, айтулы халықаралық сайысқа бара жатқанын сезінеді деп ойлайсыз ба?
— Иә, бұл — олардың халықаралық деңгейдегі олимпиадалық ойындарға алғашқы қадамы. Спортшылардың арасында бұған дейін шетелде өткен түрлі жарыстарға қатысып жүргендер де бар. Канвон олимпиадасына спортшыларымыз лицензиялық турнирден өтті. Нәтижесінде қысқы спорттың 5 түрінен 30 лицензия бұйырды. Жыл басы жақсы басталды. Алда Париж жазғы олимпиадасы бар.
— Спортшыларымыздың формасы туралы айтып берсеңіз. Бұған дейін сын болғаны белгілі, бұл жолы киім сапалы ма?
— Спорт формасы сапалы. Өткен Азия ойындарындағы (Хуанчжоу) формаға қатысты мәселелерді ескердік. Ал Париж жазғы олимпиадасында басқа форма болады. Оған бөлек байқау жарияланады. Жалпы спорттық форма халықаралық олимпиада комитетінің ережесіне сәйкес болуға тиіс. Канвон олимпиадасының формасы — отандық өнім, өз тігіншілеріміздің қолынан. Азия ойындарындағы жағдай қайталанбауы тиіс. Аталған жарысқа 540 спортшы барды, оның ішінде екеуі форма бойынша өз пікірін білдірді. Ал Канвонға 42 жасөспірім спортшы бара жатыр. Олар формамен толық қамтылды.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық спортшылар Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер олимпиадасына аттанды.
IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы биыл 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді. Қазақстанның спорт делегациясы құрамында спорттың бес түрінен 42 спортшы бар.
Айта кетсек, жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан туын «Ұлттар шеруі» кезінде Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.
Қазақстан жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындарына 2012 жылдан бері қатысып келеді.
Жалпы, еліміз үш қысқы жасөспірімдер олимпиада ойындарына қатысып, екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды.