Канвон-2024: Ту ұстап шығатын спортшылардың қандай жетістіктері бар
Санаулы күндерден кейін Оңтүстік Кореяда алауы тұтанатын қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің көк Туын ұстап шығатын спортшылар анықталған болатын, деп хабарлайды Kazinform.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, «Мемлекеттер шеруі» кезінде Қазақстанның байрағын петропавлдық конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан ұстап шығады.
Осы екі спортшымыз аталған құрметке қандай жетістіктерінің арқасында таңдалды?
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше аталған спортшылар жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы жеңіске деген жігері үшін таңдалған.
Атап айтсақ, он сегіз жасар Кристина Шумакова конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, өзінің жасы санатындағы Қазақстан Республикасының чемпионы, 2023 жылғы Әлем Кубогының итальяндық кезеңінің күміс жүлдегері.
Ал он жеті жасар екінші ту ұстаушы спортшымыз Ерасыл Шыңғысхан шорт-тректен спорт шеберіне кандидат, өзінің жасы санатындағы Қазақстан Республикасының чемпионы, сондай-ақ «Азия балалары» 2023 халықаралық жарысының күміс жүлдегері.
Осы орайда ҚР ҰОК спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов ел Туын ұстап шығатын спортшылар туралы өз ойымен былай бөісті.
«Кристина мен Ерасыл - біздің мықты және біртұтас командамыздың жарқын өкілдері. Олардың кәсібилілігі, ынта-жігері мен спортқа берілгендігі Оңтүстік Кореяға баратын біздің жасөспірімдер құрамасының ең жақсы қасиеттерін көрсетеді. Бұл жастар қазақстандық спорттың жаңа буынының бет-бейнесі болып табылады және біз олардың Канвон қаласында өтетін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында көрсететін өнерін асыға күтеміз және осы ойындарға қатысу біздің спортшыларымызға ірі халықаралық жарыстарда өнер көрсетуде құнды тәжірибе алуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы биыл 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді.
Қазақстан намысын спорттың бес түрі мен 10 дисциплина бойынша 42 спортшы қорғайды. Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынайды.