Франция Астананың дамуына инвестиция салуға қызығушылық танытады - Н. Брик

Сөз арасында француз министрі Қазақстанмен арадағы сауда-саттықты, экспортты ұлғайту ниетін жеткізе келе, Астананы дамыту бағдарламалары елдер арасындағы мұндай экономикалық байланыстарды нығайту мақсатына сәйкес келетінін атап өтті. «Жалпы біздің кәсіпорындар үшін әртүрлі бағыттағы даму саясатына қатысу аса маңызды болатын еді. Сондықтан да, біз Астанадағы келешек инвесторлардың қатарынан көрінгіміз келеді. Сонымен қатар, менің пайымымша, 2017 жылғы ЭКСПО-ға дейін, яғни жақын жылдары Астана бұрынғыдан да қарқынды дамуы шарт. Бұл ретте астаналықтар бас қалаларының келешектегі келбетін қалыптастыруға атсалысып, дамуға бейімделуге тиіссіздер», - деді Н. Брик.
Осыған орай, министр Н.Брик француз кәсіпорындарының Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне 5 млн. келушіні қабылдау үшін техникалық бейімдеу шараларын ұсына алатынын жеткізді. «Айта кетерлігі, халықаралық көрмеге әзірлік те, Астананы дамыту бағдарламалары да Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты байланыстың үлгісі болып табылады. Жалпы, біздің соңғы уақыттағы коммерциялық байланыстарымыз өнеркәсіптік сипаттағы нағыз әріптестікке айналды», - деді министр Н. Брик.