Франция футбол федерациясы президентінің Зинедин Зиданға қатысты сөзінен дау шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Франция футбол федерациясының (FFF) президенті Ноэль Ле Гренің Зинедин Зиданға қатысты сөзінен дау шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ле Гре ұзақ уақыт бойы Франция құрамасының бас бапкерлігіне үміткер болып есептелген атақты футболшы Зинедин Зиданға қатысты пікір білдірген.

Зинедин Зиданның Бразилия құрамасының тізгінін ұстауы мүмкін деген ақпаратқа орай Ле Гре: «Зиданның Бразилия құрамасына басшылық етуі мүмкін бе? Маған бәрібір! Егер ол менімен байланысқа шықпақ болып әрекет жасаса ше? Бұл еш мүмкін емес, мен оның тіпті қоңырауына жауап бермес едім», деген.

Ле Гренің сөзіне алдымен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе жауап берді.

«Зидан дегеніміз – Франция, мұндай аңызға айналған ойыншыны сыйламау орынсыз», деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

З.Зидан бапкер есебінде де үлкен табыстарға қол жеткізді. Оның басшылығымен «Реал» (Мадрид) клубы қатарынан үш рет Чемпиондар лигасында үздік шықты, екі рет Испания жеңімпазы атанды. 2021 жылдың 27 мамырында ол мадридтік клубтан кеткен болатын.

«Реал» клубы да үнсіз қалмай, Франция футбол федерациясының президенті Ноэль Ле Гренің әлемдік спорт жұлдыздарының бірі Зинедин Зиданға қатысты сөзіне орай қынжылыс білдірді.

«Елінің намысын қорғап, әлем және Еуропа чемпионы атанып, басқа да көптеген табыстарға қол жеткізген Зинедин Зидан бүкіл спорттық мансабында ойыншы есебінде де, бапкер есебінде де өзін таныта білді. FFF президентінің мәлімдемесі оның атқарып отырған қызметіне сай келмейді. Ол біздің команданың капитаны, «Алтын доп» иегері, 2021 жылы Франция құрамасымен бірге Ұлттар лигасының чемпионы, бес дүркін Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған, басқа да атақтары бар Карим Бенземаға қатысты да сондай пікір білдірген болатын», делінген «Реалдың» ресми мәлімдемесінде.

L'Equipe басылымының хабарлауынша, Зинедин Зидан Ле Гренің сөзіне жауап беруді жоспарлап отырған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дидье Дешамның Франция құрамасын 2026 жылға дейін жаттықтыратынын жазған едік.


Фото: GETTY IMAGES


Соңғы жаңалықтар