Франция Қазақстанмен құқықтық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға ынталы - Елші Франсис Этьен

Кездесу барысында шарттық-құқықтық базаны кеңейту, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстылыққа, терроризм мен экстремизмге, киберқылмыстылыққа, есірткі саудасына, заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы тұру тәрізді екіжақты құқықтық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Бас Прокурор Қазақстанның прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттары жөнінде, сондай-ақ, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы Еуропа Кеңесінің Конвенцияларына қосылу бойынша атқарылып отырған жұмыстар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы туралы айтып, Франция жетекші білім беру және ғылыми мекемелерімен, соның ішінде Францияның Ұлттық әкімшілік мектебі, Полицияның жоғары ұлттық мектебі, Ұлттық магистратура мектебімен Академияның байланыс орнатуына мүдделілік танытты.
А.Дауылбаев бізге дос мемлекет - Франциямен ынтымақтасты нығайтудың басымдығына назар аудара отырып, еліміздің жоғары қадағалау органы халықаралық қатынастардың дамуына және халықаралық құқықтық қауымдастыққа енуіне үлкен көңіл бөлетіндігін ерекше атап өтті.
Франция Елшісі елдің халықаралық-құқықтық саясатын жүргізудегі қазақстандық прокуратураның рөліне жоғары баға беріп, құқықтық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екенін растады.
Тараптар қылмыстылыққа қарсы тұру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау мәселелеріндегі Қазақстан мен Франция құзыретті органдарының арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті, сондай-ақ тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті күшейту жолында екі ел халықтарының мүдделеріне сай ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуге және дамытуға дайын екендіктерін білдірді.