04:38, 16 Наурыз 2013 | GMT +5
Франция мұсылмандары бір жыныстылардың некесіне қарсы қауымдастық құрды
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Франция мұсылмандары бір жыныстылардың некесіне рұқсат беретін заң жобасына белсенді түрде қарсылық білдірмек. Дэсин-Шарпье деп аталатын шағын қалада мұсылман жамағаты бір жыныстылардың некесі мен олардың бала асырап алуына қарсы күресетін «Мұсылмандар балалық шақ үшін» атты қауымдастық құрды. Бұл жайында saphirnews.com ақпарат порталы хабар таратты.

«Француз мұсылмандары неке институтының сақталуына, баланың дәстүрлі отбасында өсіп-жетілуіне күш салады. Аталмыш заң жобасы қоғамға қауіп төндіреді», - деп мәлімдеді «Мұсылмандар балалық шақ үшін» қауымдастығының жетекшісі Әбдірахман Айт-Раба.
Оның айтуынша, қауымдастықтың құрамына кіріп жатқандардың қатары артып келеді.
muslim.kz сайтының жазуынша, бұған қоса, «Мұсылмандар балалық шақ үшін» қауымдастығы «Барлығы үшін қарсылық білдіру» атты әйгілі қоғамдық ұйыммен ынтымақтасып, Парижде наурыздың 24-і күні шеру өткізуді жоспарлап отыр.