Францияда Абай мұрасын насихаттап жүрген қазақ қызы мәдениет саласының үздігі атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін еліміздің Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Францияның Бретань өлкесі, Ренн қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті Консулы Жанар Авар Төребаеваны қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Кездесу барысында министр Жанар Төребаеваны Қазақстан мен Франция арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, қазақ мəдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

«Сіз Гиппократ алдындағы сертіңізді қалтқысыз орындап, медицина саласында биік белестерді бағындырып келе жатқан абзал жансыз. Осынау жауапты қызметтің қыр-сырын жетік меңгеріп, жас мамандарға үлгі көрсетіп келесіз. Сонымен қатар халқымыз Сізді әлемдік деңгейдегі ойшыл, қазақ руханиятының темірқазығы Абайдың мол мұрасын Францияда насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өр мінезді азамат ретінде де жақсы біледі. «Алматы-Ренн» қалалар бауырластығы Сіздің жетекшілігіңізбен екі мемлекет арасындағы сан саладағы қарым-қатынасты жандандыра түсуге атсалысып отыр. Осы орайда Ренн қаласының төрінде хакім Абай атамыздың ескерткішін қоюға күш салып, қазақ мәдениет танытуға зор еңбек сіңіргеніңізді атап өткім келеді. Алдағы уақытта да Қазақстан мен Франция арасындағы тығыз мәдени, саяси, экономикалық байланыстарды дамыту жолында қолға алған бастамаларыңызға сәттілік серік болсын!», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, Жанар Төребаева 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ренн қаласындағы Құрметті Консулы қызметіне сайланған. Сол кезден бастап Бретань халықаралық коммерция палатасы және Франция Сыртқы істерінің Бретань өлкесіндегі экономикалық дипломатымен бірге Қазақстанға инвестиция тарту бойынша қыруар шаруа атқарып келеді.

Қазақстанның Париждегі Елшілігімен бірлесіп, 2018-2019 жылдан бері екі ел арасында ауыл шаруашылығы, экономика саласында екіжақты кездесулер ұйымдастырып жүр.

Сонымен қатар ол 2014 жылы Ренн қаласындағы жоғары коммерция университеті мен Алматы Менеджмент университеті арасында конвенция жасауға атсалысып, осы жоғары оқу орнында оқып жүрген қазақ студенттерге қамқорлық жасап келеді.

Өткен жылдан бастап Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Ренн қаласында атап өтуге қызу дайындық жұмыстарын жүргізген. Бретань фольклорлық музыка аспаптары ансамблімен насихаттау жұмысын жүргізіп, Ренн-Алматы бауырластығы аясында «АлРенн» квартетін құрған. Ұжым хакім Абай өлеңдерін француз тіліне аударып, Ренн қаласында болатын мерейтойға дайындады. Енді «АлРенн» квартеті Абай өлеңдерін Бретань және де басқа өлкелерде жыл сайын болатын фольклор фестивалінде орындайтын болады.

Ал 2016 жылы Жанар Төребаева жергілікті билікпен үш жылдай келіссөздер жүргізіп, Ренн қаласындағы «Алматы» саябағынан Абай ескерткішін ашқызды.

2019 жылы Қазақстан Елшілігі бастаған Абай шығармаларын орындау бастамасына қатысып, Францияда жалғасуына үлес қосты.

Биыл ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың ұсынысы бойынша Ренн университеті кітапханасымен келіссөз жүргізіп, 15 қарашада Абай және өзге де қазақ жазушыларының кітаптарын университет кітапханасына тапсырады. Алдағы уақытта Ренн университетінің халықаралық əдебиет және тарих факультеттерінің студенттеріне абайтану және қазақ мәдениеті жайлы дәріс оқымақ.

Осылайша Жанар Төребаева Францияда қазақ мәдениетін, Абайтану саласын таныту жолында да еңбек етіп жатыр.

Жанар Төребаева 1967 жылы 20 сəуірде Алматы облысы, Шелек ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Санк-Петербург мемлекеттік медицина университетін тəмамдаған. 1999 жылы Францияға қоныс аударған. Қазір негізгі мамандығы дəрігерліктен бөлек Ренн қаласында бірқатар қоғамдық жұмыс атқарады. 1999 жылдан бері «Алматы-Ренн» қалалар бауырластығының мүшесі.

Еске сала кетейік, биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында ҚР Президентінің бастамасымен ұлы ақынның шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылды. Олар: ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері. Аударма жинақтарына ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы және 45 қара сөзі кірді.

Абай шығармалары өзге тілдерге бұған дейін де аударылған. Дегенмен, бұл бастама мемлекеттің ірі ауқымда іске асырған алғашқы аударма жұмысы. Аударма мен жинақты басып шығаруға аса тәжірибелі мамандар, шет елдің мәдениетін, әдебиетін таныстыратын, көркем аудармаға маманданған беделді баспа ұйымдары тартылды.

Ақын шығармаларын 10 тілге аударуға үлес қосқан бірқатар аудармашы мамандар ҚР Президентінің жарлығымен 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Олар: Кембридж университеті баспасынан Абайды аудару жұмысына жетекшілік еткен Джейн Манн ханым, қытай тіліне аударған Ақпар Мәжит мырза, Испания корольдік әулетінің аудармашысы Мария Санчес ханым, түрік тіліне аударуға үлес қосқан Зафер Кибар мырза және Абай жинағының араб тіліндегі нұсқасын дайындауға үлес қосқан Халед Елсайед мырза.



Соңғы жаңалықтар