Францияда үшінші локдаун енгізу мәселесі қарастырылмақ

15 желтоқсанда Франция коронавирустың «екінші толқыны» кезінде енгізілген шектеулерді жеңілдеткен болатын. Дегенмен инфекцияның күнделікті жағдайларының орташа саны Франция үкіметі белгілеген негізгі шектен төмендеген жоқ – тәулігіне 5 000 адам.
Рождестволық мерекесі кезінде коронавирустың жаңа жағдайларының саны едәуір төмендегеніне қарамастан, үкімет бұл сандар әлі де нақты жағдайды көрсетпейді деп алаңдауда: 28 желтоқсанда – 2 960, 27 желтоқсанда – 8 822 және 26 желтоқсанда – 3 093 науқас.
Мереке күндері көптеген COVID-19 тестілеу орталықтары жабылды, аурудың төмендеуі тестілеуден өтіп жатқан адамдардың азаюына байланысты болуы ықтимал.
Францияда бұрынғыдай кешкі 8-ден таңғы 6-ға дейін қатаң коменданттық сағат белгіленген, дегенмен 23 желтоқсанда, яғни Рождество қарсаңында жеңілдік жасалды.
Желтоқсан айының ортасында азық-түлік дүкендеріне жатпайтын сауда орындары қызмет көрсетті, ал мейрамхана мен кафелердің жұмысы тоқтатылды. Кинотеатр мен театрлар сияқты мәдени нысандар әлі де жабық.
Францияның Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран үкіметтің «үшінші локдаунды» жоққа шығармайтынын айтты.
«Біз халықты қорғауға қажетті шараларды қолдана береміз. Алайда бұл біздің шешім қабылдағанымызды білдірмейді, жағдайды сағат сайын бақылап отырмыз», – деп нақтылады министр О. Веран.
Кейбір француз аймақтары, әсіресе елдің шығысындағы аймақтар, басқаларға қарағанда көбірек зардап шекті. Дегенмен француз үкіметі Жаңа жылға дейін үшінші локдаун туралы мәлімдеме жасамайды деп болжанады. Үкімет ұлттық емес, аймақтық тұрғыдан шектеулер қою туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Пандемия басталғаннан бері Францияда Covid-19-дан 63 000-нан астам өлім тіркелді. Қазіргі уақытта Франциядағы жалпы науқастар саны 2 562 646-ны құрайды, бұл – әлемдегі бесінші көрсеткіш.
Авторы Арнұр Рақымбеков