Француз Сенатындағы халықаралық коллоквиумның қорытындылары: Франция Қазақстанның Тәуелсіздіктің 20 жылындағы жетістіктерін жоғары бағалайды
Сенаторлар достық тобының төрағасы Андрэ Дюле өзінің құттықтау сөзінде «бұдан 10 жыл бұрын Орталық Азияның жас республикаларына арналған осы залдағы кездесулерде аздаған ғана алашұбар қатысушы болатын. Бүгінгі аудитория француз жұртшылығының бұл мемлекеттерге деген ықыласы арта түскенін көрсетіп отыр», деп атап өтті.
Өз кезегінде «Франция-Қазақстан» достығы тобының төрағасы, сенатор Эмери де Монтескью бүгінде бай, болашағы зор және серпінді дамып келе жатқан аймаққа, соның ішінде Қазақстанға деген ықылас әлденеше есе арта түскенін атап көрсетті. Жиында сөйлеген сенаторлардың және басқа да француз өкілдернің сөздерінде Қазақстанға ерекше назар аударылды. Коллоквиумның барлық қатысушылары біздің еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін және оның зор әлеуетін атап өтті .
Францияның Қазақстандағы елшісі Жан-Шарль Бертоннэ 20 жылдың ішінде Еуропаның біздің мемлекетке көзқарасы анағұрлым өзгергеніне назар аударды. «Бүгінде Қазақстан тұрақты және гүлденген мемлекетке айналды, қазақстандық нарықта француз кәсіпорындары жемісті еңбек етіп, өз капиталдарын инвестициялауда, бұл өте маңызды», деді ол.
Француз дипломаты Қазақстанның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы үлесін ерекше атап көрсетті, соның ішінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық қарулар арсеналынан бас тарту жөніндегі бастамаларына баса көңіл бөлді. Бұдан басқа ол Қазақстандағы демократиялық өзгерістер жалғасып жатқанын атап өтті
Сондай-ақ беделді француз заңгері, профессор және халықаралық конституциялық құқық қауымдастығының құрметті төрағасы Дидье Мос, Франция қазынашылығы Бас басқармасының ТМД бюросының жетекшісі Жюльен Денорманди, «Париж-Нантер» Университетінің профессоры Пьер Шювэнн және басқалары Қазақстанның Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Конференцияда Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов сөз сөйледі. Ол тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның барлық саладағы жетістіктері, халықаралық аренадағы арта түсіп отырған беделі туралы айтып берді.
Шараға сенаторлар достық тобының мүшелері, Парижде тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, орталықазиялық республикалардағы француздық елшілер, сыртқы істер, экономика, қаржы және индустрия министрліктерінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, іскер топтар, сарапшылар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері, журналистер мен студенттер қатысты.