Франция билігі лаңкестікті насихаттаған үш блогерді қамауға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Алжирден келгендер TikTok платформасында бейнероликтер арқылы елді арандатты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Олардың кем дегенде екеуіне террористік әрекет бойынша айып тағылды, деп хабарлайды France 24.
Тұтқындау әрекеті Париж бен оның бұрынғы солтүстікафрикалық колониясы арасындағы саяси шиеленістің артуы аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Имад Тинтин» деген атпен белгілі видеоблогер өткен аптаның жұмасында Гренобль қаласы маңында жазылушыларын «француз жерінде тірідей өртеу, өлтіру және зорлауға» шақырған видеоны жариялағаннан кейін қамауға алынды. Жарияланым 800 мың қаралым жинағаннан кейін жойылды, бірақ әсіре оңшыл Ішкі істер министрі Бруно Ретайо бейнені әлеуметтік желіде жариялап, бұл жазбаны «жиіркенішті» деп атады.
Жексенбі күні жергілікті судья 31 жастағы блогерді сот бақылауына алды, деп хабарлады Гренобль прокурорлары.
Мемлекеттік прокуратураның хабарлауынша, ол осы аптада «террористік акт жасауға шақыру» деген айып бойынша жедел сот алдында жауап беруі тиіс еді.
«Имад Тинтин» Францияға 2021 жылдың желтоқсан айында кіріп, француз әйеліне үйленіп, 2023 жылдың тамыз айында тұруға ықтиярхат сұраған. Бірақ оның өтініші қабылданбаған және ол да депортациялануы мүмкін, деп жазды француз БАҚ.
Екінші жағдайда, өзін «Юсеф А» деп атаған, бірақ әлеуметтік желіде «Зазу Юсеф» деген атпен танымал 25 жастағы алжирлік ер адам жұма күні елдің батысындағы Брест қаласында қамауға алынды, делінген прокурор Камилла Мианзони мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, «Зазу Юсеф» 24 ақпанда әлеуметтік желідегі жүздеген мың жазылушыларына арналған жарияланымдарда «террорлық актіні жария түрде насихаттады» деген айыппен сот алдында жауапқа тартылады.
-Егер кінәсі дәлелденсе, ол жеті жылға бас бостандығынан айырылып, 100 мың еуро (103 мың доллар) көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін, - делінген хабарламада.
«Зазу Юсеф» 31 желтоқсанда TikTok-та жарияланған бейнеде Францияда шабуыл, Алжирде зорлық-зомбылық жасауға шақырды. Оның Францияда уақытша тұруға ықтиярхаты болған.
TikTok платформасы БАҚ-қа бейне жарияланған аккаунт TikTok ережелеріне қайшы бірнеше бейнені жариялағаны үшін уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Прокуратура «Имад Тинтин» мен «Юссефтің» қамауға алынғанын жұма күні жариялады, ал ішкі істер министрі Бруно Ретайо жексенбіде үшінші адамның қамауға алынғанын хабарлады.
Монпельеде осы елдің үкіметіне қарсы шыққан алжирлік белсендіге қарсы агрессивті мәлімдеме жасаған тағы бір ер адам ұсталды.
Осыған дейін Анкарада лаңкестікке қатысы болуы мүмкін 11 күдікті ұсталғаны туралы жаздық.